Астана қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінде «Жүрегіне шәкірт аты жазылған!» атты іс-шара өтті. Жиын аясында мектептің ардагер ұстазы Алтынгүл Момысқызының құрметіне арнайы аудитория ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алғашқы құттықтау сөзді мектеп директоры Ғани Бақытұлы бастап, «Алтынгүл Момысқызының атына аудитория беруді ұжымдық педагогикалық кеңесте ұйғардық. Оқушы жүрегіңе жол тапқан ұстаз қандай болатынын көрсету мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырдық» дей келе, Білім күнімен және аудиторияның ашылуымен құттықтап, ардақты ұстазға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
«Біздің кафедра бірнеше жылдан бері осы мектеппен бірлесіп жұмыс істеп келе жатыр. Бұл білім ордасы шәкірт тәрбиелеуде үлкен үлес қосып жатыр, осы жағынан бізге өте жақын, соның ішінде аты мен заты өзіңе сай Алтын апай - қиын кезде жол таба білетін, шәкірт жүрегінен орын алған ұстаз. Болашақ тағдырымыз білімде. Ұжым Алтын апайдың жолын жалғастырсын, қазақтың ғылым кеңістігі неғұрлым кеңейе берсін деп тілеймін», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы.
Астана қаласының білім басқармасы әдістемелік орталығының басшысы Сындар Мұратқызы да құттықтау сөз сөйлеп: «Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталған бұл мектеп - киелі, атамыздың әруағы қолдасын. Көп көргеннен сұра дегендей, сізден алып жатқанымыз өте жоғары, дәрісхана ашылып қана қоймай, сіздің өмірлік тәжірибеңізді ұстаздар қауымы жалғастыра берсін, біз қазақтың сөзін түсінетін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, ешқандай Оксфорд университетін оқымай-ақ ата-бабаларымыз барлығын зерттеп айтып кеткен, соны ары қарай жалғастырып отырсыз», деді.
Ол сондай-ақ «Сын тұрғысынан ойлаудың үлкен технологиясы» тренерлігін елден бұрын жасаған А.Момысқызының сыни ойлау, өмірде алған білімді пайдалана білу тұрғысында мұғалімдерді бағыттайтын әдіскер тренер екенін атап өтті.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Қазақ тіл білімі» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы мен Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Күнімбала Ізтілеуқызы аудиторияның қызыл лентасын кесті.
Салтанатты іс-шараға ағылшын тілінің оқытушысы, аудармашы, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі әрі велошабандоз, Қазақстанның 2 дүркін рекордшысы Ернат Мелсұлы, «Қазақ радиосының» редактор-жүргізушісі Толқын Сұлтанқызы және қала мектептерінің ұстаздары, оқушылары, ата-аналары қатысты.
Ашылу рәсімінен кейін жиынға қатысушылар назарына бар ғұмырын бала оқытып, шәкірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаздың еңбек жолы жөнінде тың деректер ұсынылды.
Алтын Момысқызының 50 жылдық ұстаздық еңбек жолында жеткен жетістіктерін айта кетейік. Ол еңбек жолын Тараз қаласында М.Горький атындағы мектепте бастаған. Сол кезеңдерде-ақ оның мектептегі тынымсыз еңбегі басталып та кеткен еді. Жас таланттың төгілген тері ақталып, 1986 жылы 20 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңес Президумының Жарлығымен небәрі 33 жасында білім саласындағы жеткен жетістіктері мен қоғамдық жұмыста атқарған қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Оқытудың озық технологиясын үйреніп, тағылымдамадан өтіп, «Халықаралық дәрежедегі әдіскер» атанады.
Абай оқуларында шәкірті Тұрарбек Мағжан жеңімпаз атанды. Ұлылар мекеніне саяхат экспедициясымен Ұлы Абай еліне бару құрметіне ие болды.
2020 жылы мектепке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы аты беріледі. Зәуре Жакановна бастаған, үзеңгілес әріптесі Алтын ұстаз қолдаған мектеп ұжымы ұлы тұлғаның өмірін зерттеп-зерделеп музей ашты. Бір жыл бойы сол музейдің жетекшісі болған Алтын Момысқызы тынымсыз еңбек етіп, музей қорының дамуына зор үлес қосты.
Мектепте жарты ғасырға жуық еңбек еткен ұлағатты ұстаз Алтынгүл Момысқызы - бар бақытын бала оқытып, тәрбиелеуден тапқан ардақты жан. Қазір қоғамда ғылым мен техника дамып, ақпараттар ағыны үдеген кезеңде оқушылардың көркем әдебиеттер оқымауы Алтын ұстазды толғандырды. Нәтижесінде 5-8 сыныптарға арналған «Отбасылық сауаттылық» оқу жобасы жасалынып, бағдарламасы құрылды. Республикалық авторлық бағдарламалар конкурсының жеңімпазы Алтын Момынқұлованың «Отбасылық сауаттылық» авторлық бағдарламасы республикаға танымал. «Отбасылық сауаттылық» оқу клубы Астана қаласы, ББЖКБА ҚДИ ғылыми кеңесінде мақұлданған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес БҒМ «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Жоба аясында 4 бағыт бойынша жұмыстар жүзеге асырылды. Ұлағатты ұстаздың оқушылары мен ата-аналары бірлесе кітапқа құштар болып, талай жеңіске жетті. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасымен мектепте өткізілген сайыста ұстаздың шәкірті 8 сынып оқушысы Нарұл Ахатұлы жеңіске жетті.
Шара соңында Алтынкүл Момысқызы сөз алып, оқушыға, ұстазға, ата-анаға аудиторияның пайдасы тиіп жатса, үміттің ақталғаны деп ойлаймын дей келе, осы аудиторияның мұғалімге, ата-анаға, оқушыға нендей пайдалары бар екеніне тоқталып, аудиторияның ашылу мақсатын айтып өтті. Аудиторияда ұзтаздардың, оқушылардың, ата-аналардың көмектерімен жиналған 120 кітап бар екенін атап, алдағы уақытта тағы да кітаптармен толықтырылатынын тілге тиек етті. Аудиторияның бірнеше парақшадан тұратын тұжырымдамасын таратып, шараға келгендердің барлығына ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.