• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 02 Қыркүйек, 2023

Өңірлер үшін өзекті

198 рет
көрсетілді

Жолдауда ел дамуына серпін беретін көп мәселе айтылды. Соның ішінде бірнешеуін ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, Су және ирригация министрлігі құрылады. Бұл мен сайланған Ұлытау облысы үшін өте маңызды. Бетпақдаланың шекарасында орналасқандықтан, су тапшылығы – үлкен мәселе. Сол себепті бұл қадам облысқа тың серпіліс береді деп есептеймін.

Екіншісі, Көлік министрлігі құ­рылмақ. Жол мәселесі Ұлытау облысы үшін де өте өзекті екені белгілі. Өйткені өңір еліміздің дәл ортасында орналасқан. Қызылорда мен Жезқазған тасжолы әлі салынып біткен жоқ. Жаңадан құрылатын министрлік жол құрылысына үлкен серпін береді деп сенемін.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Otbasy bank» жұмысын қайта қарау туралы тапсырма берді. Бұрын оның бөлімшелері облыс орталықтарында ғана бар-тұғын. Енді моноқалаларға, ауылды жерлерге «Otbasy bank» жұмысы қолжетімді болады.

Жолдауда айтылған өзекті тақы­рып­тың бірі – зорлық-зомбылыққа қатысты. Президент кәмелет жасына толмаған балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Бұл да – қазіргі қоғамдағы күйіп тұрған мәселенің бірі.

Жолдауда айтылған тапсырмалар орындалса, экономикалық тұрғыдан нығаюға жол ашылады. Экономиканың дамуын 2029 жылға дейін екі есе өсіруге мүмкіндік туатыны анық. Енді алға қойылған бағыттар бойынша жұмыс істеу керек.

 

Ерболат САТЫБАЛДИН,

Мәжіліс депутаты