Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы алдағы жұмысты талқылап, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында депутаттардың алдына қойылған міндеттерді жария етті. Оның барлығы өңірлердегі проблемалармен үндес екенін атап өтті. Бұл әрбір отбасының амандығы, тұрақты жұмысы, лайықты жалақысы, амандығы мен қауіпсіздігі, елдегі тыныштық, бейбітшілік пен келісім.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін жұртшылықты алаңдатқан мәселелердің бәріне нақты жауап берді. Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1,8 миллион адамды қамтиды», деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы бірінші кезектегі міндеттер қатарында отандық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау, Салық және Бюджет кодекстерін қабылдау, сонымен қатар цифрландыру, ғылым мен технологияны дамыту екенін айтты. Суға қатысты мәселелерді толық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, көлік-логистикалық секторды дамыту үшін Көлік министрлігі қайта құрылады. Мәжіліс спикері Президенттің атом электр стансасын салу бойынша референдум өткізу туралы бастамасын стратегиялық шешімдердің бірі деп атады. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып және ол бүкіл ел тұрғындарының пікірін ескере отырып шешіледі.
«Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді заңнамалық деңгейде сапалы әрі жедел орындауды қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен бөлінген әрбір тиын мүлтіксіз өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Депутаттар мұны қатаң қадағалауы қажет. Заң шығару процесі азаматтық қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, ашық болуы керек», деді Спикер.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Депутаттар экс-мәжілісменді шығарып салып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Одан соң депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Соның ішінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт, қоғамдық бірлестіктер туралы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы мен ілеспе түзетулер, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар және екі ратификациялық заң жобасы бар.