• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 04 Қыркүйек, 2023

Импорттық өнімге тәуелділікті төмендету – негізгі міндет

148 рет
көрсетілді

Алматы облысында өтіп жатқан оқу-жаттығуға келген Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамға Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарын жеткізді.

Мемлекет басшысы айтқан негізгі мәселе – армияны жоғары технология­лық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету қажеттілігі. Ел Президенті қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайтуды маңызды мәсе­лелердің бірі деді. Дамыған мемлекеттерде қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан ең маңызды міндет – импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік беретін локализацияның жоғары үлесі бар өндіріс айналымын құру.

Қазақ әскерін бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын құрылғы­лармен, заманауи атыс қаруымен қамтамасыз ету қажет. Техниканы жедел жөндеу бойынша өндірісті нығайтуды, отандық кәсіпорындарды қолдауды күшейту қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысы бізде қажетті материалдық-техникалық база, құзырет пен кадрлар бар деп атап өтті.

«Оларға тиісті ведомстволардың тапсырыстары қажет. Қазіргі заманғы технологияларды трансферттеу және жаңа өндірістерді оқшаулау жөніндегі жұмыс жалғасуға тиіс. Отандық кәсіп­орындарды қаржымен тікелей қолдау тетігі – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытудың арнайы қоры», деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Қорғаныс министрі Қарулы күштер отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін белсенді қолдайтынын атап өтті.

«Қарулы күштердің мемлекеттік қорғаныс тапсырысын отандық және шетелдік қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары қамтамасыз етеді, сонымен қоса Қарулы күштердегі қазіргі қару-жарақ пен әскери техниканың 50 пайыздан астамы – отандық өнім. Қазақстандық өндірістерде әскери техниканың кең спектрі, соның ішінде Т-72, БМП-2 және БТР-80 танк­тері күрделі жөндеуден өтеді. Мәсе­лен, Құрлық әскерлері үшін отан­дық қорғаныс кәсіпорындары брондалған дөңгелекті машиналарды жеткізеді. Әуе қорғанысы күштері үшін «Гранит» АКТБ» ЖШС базасында «НҰР» GM-403 3  координаттық стансалар шығарылады және «С-300ПС» зениттік-зымырандық кешендерді күрделі жөндеу жүзеге асырылады. «Зенит» Орал зауыты» АҚ Әскери-теңіз күштері үшін көпфункционалды кеме құрастырып жатыр. Жалпы, Қорғаныс министрлігі отандық қорғаныс-өнер­кәсіп кешенінің кәсіпорындарымен тұрақты өзара іс-әрекет жасай отырып, оны үздіксіз дамытуға басымдық береді», деп түйіндеді сөзін қорғаныс саласының басшысы.