Биыл көктемде оралдық зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «Алтай батыр және оның заманы» атты монографиясы жарық көрген еді. Ғалымның талай жылдан бері ізденісіне арқау болған еңбек мамандар тарапынан оң бағасын алып жатыр.
Жәнібек Аллаярұлы 2008 жылы «Батырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860)» атты кандидаттық диссертация қорғап, өзінің болашақ зерттеу нысанын, тақырып аясын анықтап алған зерттеуші. Ол қазақ тарихындағы жоңғар-қалмақпен арадағы соғыстар, қазақ-орыс қатынасы, қазақ халқының Ресей қол астына өтуі сияқты күрделі кезеңді терең зерттеген іргелі маманға айналды. Соңғы жылдары ғалым Қазақстан мен Ресей архивтерін қопарып, ғылыми зерттеу ісіне біржола ден қойды.
Жәнібек Аллаярұлы бұдан бұрын Орал қаласында жарық көрген «Danaqaz» тарихи-танымдық журналында тарихи тұлғалар Есенгелді бай Жанмырзаұлы мен Үкі би Төлепұлы туралы «Есенгелді бай тарихы толық танылды ма?», «Үкі би және оның заманы» атты монографияға бергісіз мақалалар жазып, Ақжайық өңірінің тұтас тарихын бір таныстырып еді...
Міне, енді ғалымның көпжылғы ізденістің нәтижесінде «Алтай батыр және оның заманы» монографиясы жарық көріп отыр.
– Зерттеушінің жаңа кітабы қазақ тарихындағы аса күрделі XVIII ғасырдың бірқатар ақтаңдақ тұстарын ашуға септігін тигізеді. Автор жылдар бойы Ресейдің Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахан, Элиста қалалары архивтерінен және еліміздің бас архивінен әр алуан дерек жинап пайдаланған. Бұл деректердің басым бөлігі бұрын ғылыми айналымға енбеген. Мұның өзі кітаптың құндылығын айғақтай түседі. Одан бөлек, еңбекті жазуда көптеген бұрынғы кеңестік, отандық және шетелдік авторлардың туындылары, көптеген ауызша әңгіме мен шежірелік деректер де молынан қолданылған. Олардың барлығы құжаттық материалдармен жақсы үндеседі. Мысалы, құжаттардағы нақты оқиғада аталатын кейбір тұлғалар туралы қосымша шежірелік мәліметтер мен олардың ауыз әдебиетіндегі аталуы да ұсынылады. Зерттеушінің тақырыпты жетік меңгергені байқалып тұр, – дейді әріптесі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Нұржан Жетпісбай.
Жәнібек Исмурзиннің жаңа еңбегінде 1710-1720 жылдардағы қазақ құрылтайлары, «Ақтабан шұбырынды» туралы жаңа мәліметтер бар. 1711 жылы башқұрт, қазақ және қарақалпақ халқының Әбілқайыр сұлтанды хан сайлауы жөнінде тың деректер берілген. Қазақ-жоңғар, қазақ-қалмақ соғыстары жайында да тың ақпараттар келтіріледі. 1731 жылғы Кіші және Орта жүз старшындарының Ресей империясына ант беру құжатының мәтіні тұңғыш рет осы кітапта толық жарияланып отыр. Бұдан бөлек, Әйтеке бидің өміріне қатысты тың деректер, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Жәнібек тархан, т.б. белгілі тарихи тұлғалар жайындағы архив материалдары молынан ұшырасады.
Ғалымның әу бастан өзіне тән бір ерекшелігі – нысанаға алған кейіпкерінің, тарихи тұлғаның өмір жолын зерттей отырып, ол өмір сүрген замана, уақыт пен кеңістікті түгел қамтиды. Кітап XVIII ғасырдың белгілі тарихи тұлғасы Алтай батырдың өмір жолы мен қызметін көбірек сипаттауға арналғанымен, ол өмір сүрген ғасырдың маңызды оқиғалары да толық беріледі.
Монографияның алғашқы тарауы тұлғаның өскен ортасы, ұшқан ұясы туралы баяндаудан басталады. «Елдегі саяси жағдай» деп аталатын тараушада XVII ғасырдың соңындағы Қазақ хандығындағы жағдай, 1681-1684 жылдары жоңғардың қазақ жеріне шабуылы, 1690-1695 жылдары қазақтың Ресейдің Сібір иеліктеріне шапқыны сипатталады. Бұл оқиғалар көп жағдайда көпшілік қауымға белгісіз тарих болатын. «Жайық үшін жандасу» атты тараушада XVIII ғасыр басындағы қазақтардың Жайық казактары мен қалмақтарға қарсы жорықтары сөз болған.
«Азаттық жолындағы күрес» тарауы аты айтып тұрғандай қазақ-жоңғар және қазақ-қалмақ соғыстарына арналған. Мұнда да ғылыми ортада белгілі деген мәліметтерден бөлек, біраз мәселе, мысалы Қарақұм жиыны туралы немесе Әбілқайыр ханның дәрежесі т.б. да маңызды деген сәттер деректер арқылы пайымдалады. «Ақтабан шұбырынды...» жылдарындағы көптеген оқиға, осы жылдардағы қалмақтармен соғыстар да беріледі. Қазақ тарихи әпсаналарында «Сауран айналған» деген атпен қалған ақтаңдақ оқиғалар желісі нақты деректер мен ауыз әдебиеті үлгілерін келтіру арқылы барынша толық суреттеледі.
– Еңбектегі ең маңызды тұстың бірі – 1731 жылы Кіші жүз қазақтарының Ресей тарапына ант беру рәсімі. Бұл жерде тек Кіші жүздің ғана емес, Орта жүздің де атақты тұлғалары болғанын көреміз. Бұл тізім Ресей сыртқы саясат архивінен алынып, тұңғыш рет жарияланып отыр. Мұны ғылыми ортаға зерттеуші Жәнібек Исмурзин енгізуде. Осы маңызды мәселе төңірегіндегі байыпты зерттеулер әлі де жалғаса беруі қажет, – дейді Н.Жетпісбай.
– Жәнібек Аллаярұлы бұрын еш жерде жарияланбаған, ғылыми айналымға енбеген тың деректер мен құжаттарды жариялап жүр. Соның нәтижесінде, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне соны пайым жасап, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларда тарихқа қызығушылығы зор ел-жұрттың қошеметіне бөленді. Ол XVIIІ ғасырға қатысты өзіне дейінгі сан алуан зерттеулердегі олқылықтарды да көрсетті. Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы сегіз архив қорын ақтарып, бүгінгідей салмақты, көлемді, іргелі зерттеуге қол жеткізді. Түйіп айтқанда, қазақ тарихының титандары Ермұхан Бекмаханов, Зардыхан Қинаятұлы, Ирина Ерофеева, т.б. ғалымдардың соны соқпағына түскенін ерекше атап өтемін, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.
Жаңа еңбектің «Қалмаққа қарсы күрес» атты тараушасында 1736-1745 жылдары қазақ пен қалмақ арасында болған соғыстардан біраз мағлұмат берілген. Мұнда да тың дерек жеткілікті. Соның ішінде тек өзара жорықтар ғана емес, белгілі тұлғалардың қатысуымен болған екі ел арасындағы қарым-қатынас та сөз болады. Келесі тарау Алтай Ебескіұлының соңғы кезеңін суреттеуге арналғанымен, мұнда берілетін оқиғалар да бір тұлға айналасымен шектелмейді. Батыр ғұмырының соңғы жылдары сол тұстағы елдегі қоғамдық-саяси жағдайлар аясында ұсынылады. Оның Нұралы хан тұсындағы іс-әрекеті, басқа да жайттар баяндалады. Кітапта батыр ұрпақтары жайлы да толық дерек берілген. Мұнда тек Алтай батыр ұрпақтары ғана емес, белгілі би-батырлардың қайраткерлігі, ұлт-азаттық күрестерге қатысуы сипатталып өтеді. Көпшілігінің жерленген орны анықталып, құлпытастағы жазуы да беріледі.
Қысқаша айтқанда, Ж. Исмурзиннің бұл кітабын қазақ тарих ғылымына жаңадан қосылған айтарлықтай еңбек деп бағалауға болады.
Батыс Қазақстан облысы