Жаңаөзен қаласында жаңа су тұщыту зауытының құрылысы басталып кетті. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Жаңаөзен қаласына ауыз су «Астрахань-Маңғыстау» су құбырымен Қиғаш өзенінен Жайық суын тасымалдау арқылы жеткізіледі. Бүгінгі таңда бұл – Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар елді мекендері пайдаланып отырған жалғыз тіршілік көзі. Халық санының өсуі және жаңа кәсіпорындардың ашылуы су тұтыну көлемінің күннен күнге артуына әсер етіп жатқанын айта кету керек.
Қарақия ауданындағы Тоқымақ төңірегінде қуаты тәулігіне 50 мың текше метрді құрайтын теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы Жаңаөзен халқын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтап, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешетін бұл жобаның стратегиялық маңызы жоғары екенін айтты.
«Шалғайда тұратын халықтың әл-ауқатын жақсарту - ҚазМұнайГаздың басты мақсаттарының бірі. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасын сапалы әрі қысқа мерзімде орындап, Жаңаөзендегі ауыз су тапшылығына қатысты мәселені түбегейлі шешу қажет», деді ҚМГ басшысы.
Айта кетсек, су тұщыту зауытын салу өңірде жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде 240 адам, зауыт іске қосылғаннан кейін 100-ден астамы жұмыспен қамтылады.
Өз кезегінде, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа өндіріс орны өңір экономикасының дамуына оң әсер ететінін мәлімдеді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында халықты сапалы ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, Үкімет пен облыс әкімдігіне сумен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Осы мақсатта өңірде бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Тоқымақ төңірегінде су тұщыту зауытын салу «Астрахань-Маңғыстау» құбырынан келетін суға қосымша ретінде Жаңаөзен және басқа да елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туризмді, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға мультипликативті әсер етеді», деді Н.Ноғаев.
Құрылыс алдын ала жоспарға сай 2024 жылдың соңыңа қарай аяқталады. Ал 2025 жылдың көктемінде өндіріс орны толық жобалық қуатына шығады деп жоспарланып отыр.