• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қыркүйек, 2023

Иесіз жер болмайды

180 рет
көрсетілді

Мал басын көбейтіп, нәпақа таба қояйын деген жұрттың жерден таршылық көріп отырғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білген соң да иесіз және пайдаланылмай жатқан жайылым мен шабындықты мемлекет меншігіне қайтару керектігін айтты. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 160 мыңнан аса гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ол туралы «Amanat» партиясы фи­лиал­дарының есеп беру конферен­ция­сында айтылды. Іс-шараға аймақтағы сая­си кеңестің мүшелері, барлық дең­гей­дегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қа­тыс­ты.

Делегаттар партияның аудан­дық және облыстық фи­лиал­дарындағы Саяси ке­­ңес­тер­дің жаңа құрамын бекітті. Осы­лай­ша, 1 қалалық және 10 аудандық филиалдардағы Саяси кеңестердің құ­ра­мына 82 адам кірді. Айта кетсек, биыл атал­ған кеңестердің құрамы 63%-ға жа­­­ңар­­ған. Оның 16%-ы жастар, 34%-ы әйел­дер.

Партияның Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының төраға­с­ы Сайрангүл Жұмаділова пар­тия­лық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Ке­йінгі екі жылда «Ардагерлерді ардақ­тайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» жобалары аясында 70 мыңнан аса адамды қамти отырып, 1150-ден аса іс-шара өткізілді.

«Былтыр облыстық комиссия «Жер аманаты» жобасы аясында 100 мың гектардан аса пайдаланылмай жатқан жер­ді мемлекет меншігіне қай­тарса, жыл басынан бері тағы 61,3 мың гектар жерді қай­та­рып алды. Биыл Ұлан ауданы Гагарино ауылы мен Алтай ауданы Северное ауылы тұрғындарының өтініші бойынша партияның араласуымен жайылымдық және шабындық жерлерді қайтару мәселесі оң шешімін тапты», деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Ал Шығыс Қазақстан об­лы­сы­ның мәслихатындағы «Amanat» депутат­та­рының атқа­рып жатқан жұмысы жөнін­де партияның депутаттық фракция­сы­ның жетекшісі Тұрарбек Әзе­кенов баяндады. Халық қа­лау­­лылары азаматтарды қа­был­дап, партиядағы қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысады және партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалайды.

«2027 жылға дейін 6,8 мың оқушыға арналған 17 мектеп салу жоспарланған. Бү­гін­­де Өскемен қаласында – 600, Зайсан қаласында – 300, Ше­мо­наиха қаласында – 300 және Шеңгелді ауылында 100 орын­дық мектеп құрылысы жүр­гі­зіліп жатыр. Депутаттық ба­қы­­лау­дың нәтижесінде «Ом­бы – Майқапшағай» жолы жөн­дел­ді», деді Т.Әзекенов.

Жалпы, 2021-2022 жылдар аралы­ғын­да өңірде 4 мектеп пайдалануға беріліп, мұражай-археологиялық кешен, 2 ауыл­дық клуб, 5 спорт нысаны бойы көтерді. Сонымен қатар әлеу­меттік саладағы 69 нысан жөн­деліп, 600 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді.

Осы күні «Amanat» партия­сы­ның атқа­рушы хатшысы Дәулет Кәрібек өңір­дегі белсенді жас­тармен, жас спорт­шы­лар­мен кездесті. Балалар мен ере­сек­терді саламатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында 13 спорт нысанын, оның ішін­де 3 GYM орталығын, 3 спорт модулін және 6 денешынық­тыру-сауықтыру кешенін салу көзделген екен. Сонымен қатар 100 мыңнан аса бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады.

Атқарушы хатшы баста­уыш партия ұйымдарының төраға­ла­ры­мен әңгі­ме­ле­сіп, БПҰ саяси белсенділіктің өзегі әрі қоз­ғаушы күші саналатынын атап өтті.

«Бүгінде партияның 800 мыңнан аса мүшесі 4 мың бастауыш партия ұйымына бірік­тірілген. Шын мәнінде, олар саяси ұйымымыздың не­гізі. Дәл сол ортада азамат­тар партия қатарына қабыл­да­на­ды және қоғамда партия­ның құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жаңа көшбасшылар қалыптасады. Екі жыл сайын қоғам белсенділерін анық­тап, нәтижесінде пар­тия­­ның кадрлық резервін қа­лыптастыруды күн тәрті­бінен түсірмеуіміз керек. Пар­тия­лық ұйымдардың маңызды функ­ция­ла­ры­ның бірі – жергі­лік­ті көшбас­шы­лар­ды қолдау. Партия олар үшін өзін-өзі да­мы­ту­ға мүмкіндік беретін алаңға ай­налуы шарт», деді Дәулет Кәрібек.

Айта кетейік, Шығыс Қа­зақстан облысында 155 бас­та­уыш партия ұйымына біріктіріл­ген 28 мыңнан аса «Amanat» мүшесі бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы