Петропавл қаласының орталық алаңында Ұлттық ұлан академиясына қабылданған 1-курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі өтті. Биыл 176 курсант Отанына және халқына адал болуға серттесіп, әскер қатарын толықтырып отыр.
Салтанатты іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов, облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев, сондай-ақ өңірдегі күштік құрылымдардың басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты.
Жас сарбаздарды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтап, әскер қатарында ел қорғаудың мәртебелі қызмет екендігін атап өтті.
«Сіздердің әрқайсыңыз мамандықтарыңызды саналы түрде таңдадыңыздар. Отан қорғау ісіне ұмтылып, тағдырларыңызды офицерлік қызметпен байланыстырып отырсыздар. Сондықтан жоғары оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды қатар ала жүріп, Ұлттық ұлан академиясының курсанты атағын абыроймен арқалайсыздар деген сенімдемін. Бас қолбасшылық, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сіздерге офицерлер корпусының болашағы ретінде зор үмітпен қарайды. Біз сіздерге лайықты оқу және қызмет көрсету жағдайларын қамтамасыз ету үшін бәрін жасаймыз», деді генерал-майор. Бұдан әрі облыс әкімінің атынан аппарат басшысы Олжас Ыдырысов курсанттарға тілектері мен құттықтауларын жолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әскер – мемлекетіміздің тірегі. Отанымыздың тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғау – басты парыз. Оны батыр ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтап, бізге мұра етіп қалдырды. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – осы бағасыз құндылығымызды жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа табыстау», деп атап өткен болатын. Сіздер тәжірибелі оқытушылардың, тәлімгерлердің басшылығымен болашақта Отанымыздың Қарулы күштерінде жоғары білікті және сұранысқа ие маман болу үшін пайдалы білім мен дағдыға ие болатындарыңызға сенімдімін!» деді Олжас Нұрланұлы.
Іс-шарада сөз алған 1-курс курсанты, қатардағы жауынгер Нұрбол Дәулет жиылған қауымды курсанттардың әскери антқа адал болатынына және Отанды қорғау жолында бабалар ізін лайықты жалғастыратынына сендірді.
Барлық жас курсант бірқатар сынақтан өткен болатын. Олар денешынықтыру нормативтерін орындап, қабылдау емтихандарын тапсырды, байыпты конкурстық іріктеуден және жалпы әскери даярлықтан өтті. Енді олардың алдында 4 жыл курсанттық өмір бар. Осы жылдар ішінде әскери істің барлық қыр-сырын игеріп, Отанның сенімді қорғаушыларына айналмақ.
Әскери рәсім өткізілгеннен кейін қонақтарға академия әскери қызметшілерінің қойылымдары көрсетілді. Әскери оркестр мен университет барабаншыларының ансамблі өздерінің өнерімен жиналғандарға көңіл күй сыйлады. Сержант Аян Қали бастаған курсанттар карабиндермен саптық тәсілдер орындап, дефиле көрсетті.
Бұл күндері Ұлттық ұлан академиясы құқық қорғау органдарының жоғары білікті офицерлерінің ұстаханасына айналып үлгерген. Сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындауға үлкен үлес қосып келеді. Бұл – елдегі әскерлерге офицерлік кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз әскери оқу орны. Ол 1997 жылы 18 наурызда құрылды. 2022 жылдың ақпан айынан бастап офицерлер ұстаханасына академия мәртебесі берілді.
26 жыл ішінде жоғары оқу орнын 4 мыңнан астам офицер бітіріп шықты. Олар Ұлттық ұланның кадр қатарын толықтырып қана қоймай, елдің басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында да қызмет етіп жатыр. Бірқатары жоғары лауазымға тағайындалса, көптеген офицерге мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.
Академия базасында сегіз мамандық бойынша офицерлер даярланады, оқыту он кафедрада жүргізіледі. Мұнда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді. Үкіметаралық шарттарға сәйкес 2009 жылғы қыркүйектен бастап әскери оқу орнының базасында жыл сайын Тәжікстан Республикасының өкілдері өтеусіз негізде әскери мамандықты игереді.
Айта кетейік, биыл академияда магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО офицер-тыңдаушылары алғаш рет оқуға қабылданды.