Өткен аптаның жұма күні Рим папасы Франциск (Franciscus) Ватикан мен Моңғолия Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай ел президеті У. Хүрэлсүхтің шақыруымен Ұланбатыр қаласына келді.
– Папаның Моңғолияға ресми сапары, – дейді әлем баспасөзі: «Аталған елдегі жемқорлық пен әділетсіздікті ауыздықтау, ежелгі көшпелі өркениеттен қалған жалғыз жұрнақ – моңғол жұртының байырғы мәдениетін көзімен көріп, ой түю» деп жазып жатыр. Сондай-ақ ғаламдық діндер арасында католицизм сенімінің көшбасшысы Моңғолияға келген соң әртүрлі дін өкілдерімен кездесу өткізіп, олардың да ой-пікірлерін тыңдады.
Осы орайда, елдегі ислам діні атынан сөз алған Моңғолия мұсылмандар ұйымының төрағасы, философия ғылымдарының докторы (PhD) Батырбек Хадыс «Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух!» (Аллахтың сізге сәлемі һәм рахметі мен берекесі болсын) деп сөзін Алланың сәлемімен бастап, өзін Моңғолияда өмір сүріп жатқан діні мұсылман қазақ деген халықтың өкілі екенін таныстыра отырып: «Әлем дегеніміз – бір отбасы. Ғаламның тыныштығы отбасының бейбіт өмірінен басталады. Моңғол халқының «Өзіңде түзе – отбасыңды оңалт, Отаныңды жырғат» деген мәтелі бар. Бұл сөз көшпелілердің өмірлік ұстанымы» дегенді жеткізіп, сөзінің соңында: «Олардың Алладан өзге сиынғандарын боқтамаңдар. Олар білмей шектен шығып Аллаға тіл тигізеді. Осылайша әр топқа өз істерін әдемі көрсеттік. Сонан соң қайтар орындары Раббыларына. Сонда оларға не істегендерін білдіреді» деп «Анғам» сүресінің 108-аятын оқып берді.
Батырбектің сөзін мұқият тыңдаған (аудармашы арқылы) католик көсемі орта ғасырдың өзінде Шыңғыс қаған астанасы Қарақорымда екі мұсылман мешіті болғанын, ол туралы 1254 жылы Мөңке ханның ордасына келген еуропалық саяхатшы – монах Гильом де Рубруктың жазбасында айтылғаны туралы атап өтті.