Жолдауда Президент банктердің экономиканы дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға атсалысуы жайында айтты. Олардың «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды айтты.
Осы бастамаға орайлас агенттік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталар болсам, біз кейінгі жыл бойына төлем қабілетін жоғалтқан банктердің жұмысын реттеу бойынша заңнамалық бастамалар пакетін дайындап жатырмыз. Егер банк төлем қабілеті жоқ деп танылса, салымшылардың мүдделерін қорғау мақсатында оның жұмысын реттеудің нақты тетіктері болуы керек. Аталған бастамада бұл процедурадағы мемлекеттің және банк акционерінің рөлі егжей-тегжей жазылып жатыр.
Бұған дейін банктерді тығырықтан шығару үшін бюджет қаржысы пайдаланылып келген болатын. Акционерлердің жауапкершілігі толыққанды анық емес еді. Біздің міндетіміз – банк арқалайтын шығынның бәрін бірінші кезекте акционер қаражатының есебінен өтету. Яғни дайындалып жатқан заңнамалық пакетте осы процедура айқын жазылады. Дегенмен төлем қабілетін жоғалтқан банктерді мемлекет есебінен құтқару тетігі мүлдем алынып тасталмайтынын айта кету керек.
Егер мемлекет тарапынан көмек керек деген шешім қабылданса, нақты қандай айрықша жағдайда жәрдем берілетіні айқын жазылады. Мысалы, ол жүйе құраушы банк болса, акционер шығынды мүмкіндігінше өз есебінен жабады да, қалған бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Тағы да айтайын, мұның бәрі салымшылар мен мемлекеттің мүддесін қорғау үшін жасалады. Біз тиісті заң жобасын жыл аяғына дейін Парламентке енгіземіз.
Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА,
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы