Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалі 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында ТҮРКСОЙ ұйымының аясында өтеді. Іс-шараға Жетісу облысы әкімдігі қолдау көрсетпек.
Фестивальдың мақсаты – сахна саңлағының 100 жылдығын мерекелеу, оның есімін ұлықтау, сонымен қатар режиссерлер мен актерлер арасынан кәсіби қолтаңбасы қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау. Фестивальге елімізден Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының «Жаңа ғасыр» театры, Астана қалалық «Музыкалық жас көрермен театры» және шетелден Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің театрлары қатысады.
Фестиваль аясында Б.Римованың бюсті салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры фестивальдың шымылдығын Бикен Римова басты рөлді сомдаған «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашпақ.
Театр фестивалі халықаралық деңгейде өткізілетін болғандықтан, қазылар алқасының мүшелері Қазақстанмен қоса, Әзербайжан, Башқұртстан елдерінен таңдалған. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.