Конституциялық сотта «Орталық Азиядағы HELP» жобасы аясында Еуропалық Одақпен және Еуропа Кеңесімен бірлесіп, «Адам құқықтарының бұзылуына байланысты құқықтық қорғау құралы ретінде Конституциялық сотқа жеке-дара өтініштер» тақырыбында семинар (Workshop) өтті.
Семинарға Қазақстандағы ЕО Елшісі Кестутис Янкаускас, Еуропа Кеңесі Адам құқықтары жөніндегі директораты бөлімінің басшысы Сергей Дикман, ЕО лекторлары, «Орталық Азиядағы HELP» жобасы хатшылығының сарапшысы, Конституциялық сот судьялары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Парламент депутаттары, кәсіби заңгерлер қауымдастықтарының, азаматтық сектордың өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Диалогтік алаңда қатысушылар азаматтардың Орталық Азия мемлекеттерінің конституциялық бақылау органдарына жүгіну ерекшеліктерін, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың шағымдарды қабылдау саласындағы халықаралық тәжірибесін талқылады.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова іс-шара қонақтары мен қатысушыларына алғыс білдіріп, конституционализм идеясын ілгерілету және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау ісінде кәсіби заң қоғамдастығымен және азаматтық институттармен әріптестіктің маңызды рөлін атап өтті. Конституциялық сот судьясы Айжан Жатқанбаева бір шешіммен мың азаматтың құқығын қалпына келтіруге болатын Конституциялық сот шешімдерінің мультипликативті әсеріне баса назар аударды. Мәселен, арнайы рұқсат құжаттары жоқ мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау туралы қаралған іс бойынша сотталғандардың саны 40-тан асады. Мемлекеттік қызметтің ерекше түрлеріне қол жеткізу туралы іс бойынша шешім негізінде үш сағат ішінде қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылған азамат және мемлекеттік қызметке кіре алмаған 6,6 мыңға жуық адам мемлекеттік қызметке кіру құқықтарын іске асыра алады.
Литва Конституциялық сотының бұрынғы төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық соттың судьясы Дануте Йосиене Литваның конституциялық бақылау органының тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларды Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымдардың рұқсат етілу талаптарымен таныстырды.
Қазақстандық конституциялық бақылау органына берілетін өтініштер туралы КС Аппаратының бөлім меңгерушісі Салтанат Нұрымбетова баяндама жасады. Ол еліміздің күнделікті өмірде нақты іс бойынша сот шешімі болмаса, сондай-ақ азаматтың пікірінше, сотқа жүгіну қандай да бір оң нәтижелерге әкелмейді және заңның өзі Конституцияға қайшы жазылған деп есептесе, императивті норма бойынша жүгіну мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
Семинарды қорытындылай келе, қатысушылар мазмұнды диалогтің маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Олар алған білімдері мен тәжірибелері қоғам үшін және конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жүгінген әрбір адамның игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.