• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

БІЛІМ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИНВЕСТИЦИЯЛАР КҮТЕДІ

642 рет
көрсетілді

Жұма күні ІV Қазақстандық ин­вестициялық саммит өз жұмы­сын жалғастырды. Саммиттің алғашқы күнінде мемлекетіміз үшін маңызға ие бірқатар меморандумдарға қол қойылғанын хабарлағанбыз. Ал екінші күн “Қазақстанды өркендету жолындағы өңірлік ынтымақтастық және экономикалық интеграция” тақырыбында жалғасын тапты. “Интернешнл Геральд Три­бьюн” газетінің жауапты редак­то­ры Элисон Смейл модераторлық еткен мәжілісте Үндістанның Қа­зақ­стандағы елшісі Ашок Сад­жан­хар Қазақстан Орталық Азия­дағы экономикалық көшбасшы болып табылатындығын, аймақ­та­ғы тікелей шетелдік инвес­ти­циялардың 80 пайызы, сондай-ақ сыртқы сауданың да 80 пайызы Қа­зақстанның үлесіне тиетін­ді­гі­мен дәйектеп өтті. Үндістан ел­ші­сі Нұрсұлтан Назарбаевтың ер­кін сауда аумағын құруды ұсын­ға­нын және Орталық Азия ел­дерінің көпшілігі оны қолдағанын еске сала отырып: – Қазақстан технология­лық тұрғыдан дамыған және табиғи ре­сурстарға бай ел ретінде эко­номикалық көшбас­шылық рөлін өз мойнына ала алады”, – деді. Шетелдік компанияларды елге төртінші рет жинаған маңызды жиынның бір мәжілісі Қазақстандағы білім берудің жай-жапсарына, оның келешегіне бағышталған болатын. – Қазақстанда әрбір 10 мың адамның 700-і студент. Бұл әлемдегі ең үздік көрсеткіш, – деді саммитте Қазақстанның мұнай және газ инс­титутының Басқарушы директоры Жақсыбек Құлекеев. Оның айтуын­ша, бұл көрсеткіш Еуропа елдерімен салыстырғанда екі есеге жоғары. Бұл бір жағынан жақсы болса, екін­ші жағынан мамандар дайындауда бірқатар қиындықтар тудырып отыр. Шешімі табылуы тиіс мәсе­ле­лер көп. Меніңше, оны Батыс ел­дерімен әріптестік пен мықты бә­се­келестік арқылы жүйелі түрде жо­юға болады, деді Жақсылық Құлекеев. Саммитте Қазақстан көлік және коммуникация саласында шетелдік инвесторларға барлық мүмкіндік­тер­ді жасап отырғаны нақты мы­сал­дармен мәлім етілді. Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов бұл бағытта салық, жер, бюджет кодекстеріне, автокөлік жолдары туралы заңға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Министр ин­дустриялық-инновациялық бағдар­ламалар аясында 16 миллиард дол­ларлық 59 жоба жүзеге асырыл­ға­нын, қазіргі кезде оның 4,5 мил­ли­ард долларлық 9-ы іске қосылғанын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта автокөлік жолдарын дамыту бой­ынша 6 жоба жүзеге асатын болады. – Бұлардың ішіндегі ең үлкені – “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” дәлізі. Жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымдық жобаға әлемдік 5 қаржы институты 3,5 миллиард дол­лар бөлді. Қазіргі кезде теңіз арқылы Азиядан Еуропаға жылына 700 миллиард доллардың тауары тасы­лады. Теңіз жолы уақыт жағы­нан ұзақ әрі қаржылай қымбат. Қазақ­стан аталған дәлізді салу арқылы теңіз жолына бәсекелес бола алады. Мысалы, автокөлік жолымен тауар­ды Азиядан Еуропаға 10 күнде жет­кізуге болады. Бұл арзан, әрі тиімді, – деді министр. Бұл жобалармен қатар алдағы уақытта құны 288 миллион доллар­лық 209 шақырымды құрайтын Тараз – Шымкент – Ташкент авто­жолы, 104 шақырымдық, құны 492 миллион долларлық Алматы – Қапшағай жолы, 70 шақырымдық 580 миллион долларды құрайтын Алматының үлкен айналма жолы жобалары жүзеге асырылмақ. Құсайыновтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан аумағымен 6 халық­аралық авто, 9 темір жол, 4 әуе дә­лізі өтеді. Автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 128 мың, темір жол 14 мың шақырымды құрайды. 20 әуежай бар. Оның 15-і халық­ара­лық, 9-ы ІKAO талаптарына сай ке­леді. Сондай-ақ Азия мен Еуропа ара­сына 11 миллион тонна жүк та­сымалын жүзеге асыратын Ақтау теңіз порты бар. Қазақстандық инвестициялық саммиттің басты тақырыптарының бірі ретінде уран өндіру мен ядролық өнеркәсіп саласы талқыланды. Бұл сала бүгінде әлемнің қызығушы­лы­ғын тудырып отыр. Оның үстіне, Қазақстан былтырғы жылы 14 мың тонна уран өндіріп, әлемде уран өндірісінен бірінші орынға шықты. Сонымен қатар алдағы уақытта әлемнің бірқатар елдерінде атом электр стансаларын салу жүзеге асырылмақ. Бұл – қазақ уранына сұраныс артады деген сөз. Шара барысында шетелдік мей­мандарды қызықтырғанда “Қазақстан уран өндірісін ұлғайта ма? Уран өндірісіндегі басты әріптестері ре­тінде кімді көргісі келеді? Уран өн­ім­дерін өткізудің басты рыноктары қай елдер?” деген сауалдар болды. Мұндай сұрақтарға Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов, “ҚазАтом­Пром” ұлттық компаниясының ви­це-президенті Сергей Яшин жауап бер­ді. Д.Тұрғановтың айтуынша, Қа­зақстан алдағы уақытта тек уранды өндіруге емес, оны өңдеп сатуға басымдық бермек. “Бұл бағытта Ка­на­да, Ресей, Франция, Қытай, Жа­пониямен бірлескен кәсіпорын­дар құ­рылды. Қазақстан бұл бағыт­тағы жос­­парларын жүзеге асыруды жал­ғастыра береді. Қазіргі уақытта уран мұнай мен газ сияқты инвес­ти­ция­лық тартымды салалар қата­рында. Сер­гей Яшиннің айтуынша, Қытай алдағы уақытта 160-қа жуық атом электр стансасын салуды көздеп отыр. ІV Инвестициялық саммиттің жұмысы “Қазақстандағы инвести­ция­ның болашағы: шолу мен мүм­кін­діктер” секциясының отыры­сы­мен аяқталып, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты. – Болашаққа инвестиция салу­дың 3 жолы бар. Біріншісі, болашақ­қа ештеңе салмай мұнай мен газдан түскен қаржыны жұмсау – бұл жол ешқайда апармайды. Екіншісі, сыртқы әлемнен тыс іштей даму – қазір бұл бағытты қолдаушылар көп. Өйткені оларға сыртқы әлеммен бәсекеге түспей өмір сүру қолайлы. Бұл жол да дұрыс бағыт емес. Біз үшінші жолды таңдадық. Ол – білім мен инфрақұрылымға инвестиция салу. Әрине, білім саласы бірден нәтиже бере қоймайды. Алайда, біз бәсекеге қабілетті мамандарды дай­ын­дау арқылы болашақта дамудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізе ала­тындығымызға сенім білдіреміз. Біз әлем алдында бәсекеге қабілетті бо­луымыз қажет. Сондықтан инфра­құрылымға инвестиция тарту – бас­ты мақсат. Біз түбінде БСҰ-ға кіретін боламыз. Сонда сапалы білім мен өнімге салған инвестиция жеміс беретін болады. Қазақстан ұзақ мер­зімді, бірақ болашағы үлкен бағытты инвестициялау жолын таңдап алды, – деді Үкімет басшысы. Кәрім Мәсімов шағын бизнеске жағдай жасау, бұл бағыттағы кедер­гілерді жою, әлемдік бәсекеге қабі­летті өнім өндіруге де инвестиция салуды басты мақсат деп білетінін жеткізді. Саммитті оны ұйымдастыруға ұй­ытқы болып келе жатқан “Интер­нешнл Геральд Трибьюн” газетінің президенті Стивен Данбар-Джонсон қорытындылап, Қазақстанда өткен форум барлық тараптар үшін табысты болғанын атады. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.