Дәстүрлі Қысқы қайырымдылық балының дебютанттар кастингі Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өтті. Жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қоры ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы және дарынды жастарды қолдау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында 2012 жылдан бастап Қысқы қайырымдылық балын өткізіп келеді.
Қысқы қайырымдылық балы – дәстүрлі түрде бизнестің, дипломатиялық корпустың, қоғамдық және саяси топтардың өкілдерін жинайтын өз тарихы бар бірегей бал. 11 жыл бойы балдың қонақтары классикалық вальстен латиноға дейін дебютанттардың биі, салтанатты кешкі ас, бағалы лоттар аукционы, сондай-ақ іс-шараның серіктестерінен жүлделер ұтыс ойыны бар ғажайып атмосфераға бөленеді.
Биыл Қысқы қайырымдылық бал іс-шараларының басталуы, атап айтқанда, дебютанттар кастингі Қаллеки театрында салтанатты түрде өтті. XIV Қысқы қайырымдылық балының дебютанты атанудың құрметі үшін 300-ге жуық адам тартысты. Еске салсақ, бұған дейінгі уақытта дебютанттар кастингіне 6 мыңнан астам үміткер қатысты, ал балға 148 жұп дебютант бақ сынады. Ғажайып кештің себеп болуымен 6 жұп дебютант жолдары түйісіп, шаңырақ көтерді.
Іріктеудің екі кезеңінен – хореографиялық байқаудан және ұйымдастырушылармен әңгімелесуден сәтті өткен 30 үміткер дебютант атанды. Олар енді үш ай бойы балда орындайтын әртүрлі кәсіби бал билерін үйренеді. Дебютанттарды биге Қысқы қайырымдылық балдарын қоюшы-хореограф, хореография факультеті деканының орынбасары, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы – Евгений Моисеев дайындайды.
«Осы балдың арқасында біз құқықтар мен мүмкіндіктер тең инклюзивті, ашық қоғам құрып жатырмыз. Балдардан түскен қаражатқа ерекше балалары бар отбасылардың өмір сүру сапасын, инклюзивті білім беру саласында мамандарды даярлау сапасын және соның нәтижесінде инклюзивті білім беру саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыратын бүкіл әлемде қабылданған озық әлемдік тәжірибелерді, ғылыми дәлелденген тиімді әдістемелерді енгізеді. Сонымен қатар ел бойынша инклюзивті алаңдар желісін құрдық. Елдегі тұңғыш мінез-құлық талдаушыларын оқыттық, бүгінгі таңда енді олар ерекше балалармен жұмыс істейтін жүздеген педагогтер мен мамандарды оқытып жатыр», дейді «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Жиналған қаражат «Болашақ» қорының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дарынды жастарға арналған «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық бағдарламаларына бағытталды. XIV Қысқы қайырымдылық балына «Нұрбанк» АҚ және «Hilton Astana» қонақүйі демеушілік көрсетті. Сонымен қатар «Amanat» партиясы мен «The sun» диджитал агенттігі кастингке қолдау көрсетті. XIV Қысқы қайырымдылық балы Астанада 8 желтоқсанда «Hilton Astana» қонақүйінде өтеді.
Айта кетейік, балдар өткізілген 11 жыл ішінде 150-ден астам демеуші мен серіктес тартылып, 880 миллион теңгеден астам қаражат жинады. Түскен қаражатқа 85 мамандандырылған оңалту мекемесі ашылды және жарақтандырылды, оның ішінде бүкіл Қазақстан бойынша 56 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, аутизм және дамуында басқа ерекшеліктер бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды. 3000-нан астам маман оқытылып. 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 120-дан астам білім беру және жол жүру гранттары берілді. Сондай-ақ «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне 80-нен астам сапалы ұсыныстар мен түзетулер енгізді.