• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қыркүйек, 2023

Медицина оқытушыларын ынталандыру керек – сенатор

291 рет
көрсетілді

Сенатор Ақмарал Әлназарова медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарын қаржыландыру мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды  Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор сауалында медицина мамандықтарына оқуға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың мөлшері мемлекеттік медицина жоғары оқу орындарының оқу процесін ұйымдастыруға жұмсаған шығындарына сәйкес келмейтінін айтты. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі  оқу сапасына айтарлықтай әсер етіп, болашақ дәрігерлер үшін қиындықтар тудыруы мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдірді.

«Қаражат көлемі соңғы 10 жылдықта қайта қаралмай, 4-ші және одан жоғары курс студенттері үшін мемлекеттік гранттардың  бағасы бүгінде 609 мың теңгені құрап отыр. Ал 2021 жылы қайта қаралған, ерекше мәртебесі бар жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 188 мың теңге, басқа жоғары білім беру ұйымдары үшін 1 млн 1 мың теңге болып бекітілген баға, тек қана 2021 жылдан бастап оқуға түскен студенттерге ғана тиісті. Бүгінгі таңда, заманауи медицина талаптарына сай маман дайындаудың өзіндік құны - бір білім алушыға шамамен 2 млн теңгеге жуық», деді Ақмарал Әлназарова.

Қордаланған мәселені көтерген сенатор білім беру грантының жеткіліксіз құны медицина университеттерінің оқытушылары үшін жалақының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін айтты.

Медицина қызметкерлерінің жалақысы оқу орындары оқытушыларының жалақысынан жоғары. Бұл білікті оқытушылардың практикалық медицинаға кетуіне әкелуі мүмкін.  Осыған байланысты депутат бакалавриат, интернатура, магистратура, резидентура және докторантураның медицина мамандықтарын оқыту үшін мемлекеттік тапсырыс бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін гранттардың мөлшерін арттыру қажеттігін жеткізді.