Қызылорда облысында бірнеше күн бойы іздестірілген 6 жасар қыздың мәйіті табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүлдіршіннің денесі «Айтек» су торабының төменгі ағысынан шамамен 30 шақырым қашықтықта табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыз бала 5 маусым күні сағат 18:30 шамасында Сырдария өзенінің жағасына жақын жерде орналасқан үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен еріктілер, арнайы техникалар жұмылдырылған болатын. Қазір құзырлы органдар оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
Өкінішке қарай жаз келісімен шомылу аймақтарында бала өлімі жиілеп барады. Бір ай ішінде Түркістан, Ақмола, Қарағанды мен Қостанай облыстарында бүлдіршіндер суға кеткен оқиғалар болды. Осыған сәйкес, ТЖМ қызметкерлері шомылу аумақтарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.