«Отан – отбасынан басталады». Отанымыздың еңсесі биік, керегесі кең болуы үшін қаланған уықтың берік болуы маңызды. Сондықтан әр отбасы мемлекеттің тірегі екені сөзсіз. Осынау құндылықты дәріптейтін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының кезекті кезеңі қорытындыланып, Астана төрінде жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті.
Отбасы күні қарсаңында өткен салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл – төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтан өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты атакәсіпке айналдырған азаматтың көп болуы – қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Ғалымқызы 10 жыл қатарынан өткізіліп отырған ұлттық байқау отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған нағыз халықтық жоба екенін, өзіндік брендке айналғанын атап өтті.
Қоғамдағы отбасы құндылықтарын сақтау, дәріптеу мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына биыл 3 344 отбасы қатысқан. Оның 40%-ы – қалалық және 60%-ы – ауылдық отбасылар. Түрлі еңбек әулетінен құралған 20 отбасы өңір жеңімпаздары атанып, әр отбасына 1 млн теңге қаржылай сыйлық пен шаңырақ бейнелі кубок, алғысхаттар берілді. Байқау жеңімпазы атанған отбасылардың қатарында қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, педагогтер, батыр аналар, қайырымдылар, еріктілер, көпбалалылар бар. Оның бәрі – айналасының құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары.
Салтанатты жиында ұлттық байқау жеңімпазы атанған мерейлі отбасылар сахна төріне шақырылды. Олар – Павлодар облысынан Нұрсанов отбасы, Ұлытау облысынан Досбанов отбасы, Ақмола облысынан Қазанғапов отбасы, Алматы облысынан Адият отбасы, Шығыс Қазақстан облысынан Макиленов отбасы, Қарағанды облысынан Әмрин отбасы, Қостанай облысынан Ермағамбетов отбасы, Батыс Қазақстан облысынан Ниетқабылов отбасы, Маңғыстау облысы Тастеміров отбасы, Солтүстік Қазақстан облысынан Ескенов отбасы, Жетісу облысынан Қайранов отбасы, Абай облысынан Досымбаев отбасы, Атырау облысынан Белденов отбасы, Жамбыл облысынан Мадалиев отбасы, Ақтөбе облысынан Ыспанов отбасы, Түркістан облысынан Әбілдаев отбасы, Қызылорда облысынан Смағұлов отбасы, Шымкент қаласынан Бейісбеков отбасы, Алматы қаласынан Сыбанбеков отбасы, Астана қаласынан Сәдуақасов отбасы.
Қарасаң көзің тоймайтын, сипаттасаң сөзің жетпейтін әр мерейлі отбасы жиналған жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Әр отбасындағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп, салтанатты іс-шараның көрігін қыздырды. Оның ішінде айрықша көзге түскен Қызылорда облысынан жеңімпаз атанған – Смағұловтар отбасы. Әулеттің отағасы, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері Қабақ Смағұлдың айтуынша, бұл байқаудың жас отбасыларға берері өте мол.
«Отбасы құндылығын сақтап қалу әулеттің үлкендеріне байланысты. Соларға қарап оның ұрпағы өсіп-өнеді. Ал әулеттің басшысы қамқор, мейірімді және кеңпейіл болуға тиіс. Сонда ғана одан өнегелі ұрпақ тарап, өскен әулет болады», деді қария.
Тағы бір көпшіліктің көзайымы болған – Қарағанды облысының жүлдегері Әмриндер әулеті. «Тыл ардагері» және «Еңбек ері» атанған Елубай ақсақал мен тоғыз құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері Шәкітай Жұмабекқызының отасқанына биыл 65 жыл толыпты. Бүгінде 9 баласынан 32 немере, 30 шөбере сүйген қариялар өнегелі әулеттің қазынасы, қара шаңырақтың берекесі болып отыр. Еңбекке ерте араласқан отағасы Елубай ақсақал 30 жылдан аса уақыт жүк көлігін тізгіндеген, техниканың тілін жақсы біледі, ал Шәкітай апа балабақшада, мектеп асханасында, мәдениет үйінде жұмыс істеген, бұған қоса ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен айналысқан.
«Мектеп жасынан еңбек етіп, әке-шешеме қолғанат болдым. Ол кез таршылық заманы еді. Үйдің үлкендері маңдай термен ғана нан тауып жейсің, жалқау болсаң, аш қаласың деп өсірді. Зейнет жасына дейін тынбай еңбек еттік, ұрпағымды да еңбекқор болуға үйреттім», дейді Елубай ақсақал.
Әмрин әулеті Шет ауданы Ақадыр кентінде тұрады. Ақадыр тоғыз жолдың торабында тұрған үлкен теміржол бекетінде орналасқан. Әулеттегі ағайындылардың біразы сол теміржолда еңбек етеді. Түрлі кәсіпті игерген әулет бүгінде адал еңбектің арқасында өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болып отыр.
Ал алып шаһар Алматының үздігі атанған отбасы Сыбанбеков әулеті қайырымдылықпен айналысады. Отағасы Болат – жеке кәсіпкер, жұбайы Сана Жандай екеуінің отбасылық кәсібі бар. Олар қағаздан тапсырысқа сай түрлі пішіндегі қорап, пакеттер, кеңсе қағаздарын жасап, ел нарығындағы ірі компаниялардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Болаттың әкесі Кемеш Әбілдаев көп жыл әскери салада қызмет етсе, анасы Қалымхан Әбілдаева ұлағатты ұстаз болған. «Әкемнің қасында полигондарда жүріп, ер азаматқа қажетті мінезді меңгерсем, анам білімге құштар болуды үйретті», дейді Болат Сыбанбеков.
Сыбанбековтер 2019 жылдан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясына қатысып, мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтармен көмектеседі. Биыл 200 баланы мектепке дайындаған. Жұбайы Сана 2017 жылдан бері қоғамдық іске араласып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды кәсіпкерлікке баулу, жан-жақты қолдауға арналған «Бақытты отбасы» деп аталатын 8 орталық ашыпты. Пандемия кезінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестіріп көмектескен. Қоғам игілігі үшін белсенді жұмысының нәтижесінде Сана Жандай Алматы қаласы мәслихаты 7-шақырылымының депутаты болыпты. Бүгінде қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі. Болат пен Сананың шаңырақ көтергеніне 25 жылдан асқан, 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Сонымен қатар Жетісу облысының биылғы жеңімпазы Алакөл ауданы Жайпақ ауылында тұратын Қайранов отбасы атанды. Шаңырақтың ұйытқысы – биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Алтынхан әжей «Алтын алқа» иегері. 7 баласынан жиырмадай немере, отыздан аса шөбере сүйіп отыр. Әулеттің тірегі Әбілқасым ақсақал көзі тірісінде жаз жайлауда, қыс қыстауда жүріп, мал шаруашылығымен айналысқан. Еңбек жолын шопан болып бастаған Алтынхан Байдолдақызы да бұл кәсіптің қыр-сырын әбден меңгеріп, жолдасына қолғабыс еткен.
«Отағасымен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге ақылдасып, бір-біріміздің тілімізді алып, сыйласып жақсы өмір сүрдік. Балаларына бар білгенін, адам болуды, адал кәсіп қылуды, еңбекті сүюді, бір-біріне қамқор болуды үйретіп кетті», дейді кейуана.
Бүгінде балалары мен немерелері әке-шешеден қалған атакәсіпті ары қарай жалғастырып, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Жайпақ ауылында егін егіп, қожалық ұстайды. Бұл әулеттен шаруалармен қатар, жеке кәсіпкерлер, техниканың тілін меңгерген мамандар да бар. Сексеннен асса да, Алтынхан әжей әлі тың, отбасында немере-шөберелеріне қолөнер үйретеді.
Еңбектің қадіріне жеткен тағы бір отбасы – Макиленовтер әулеті. Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында тұратын берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы Шығыс Қазақстан облысының үздігі деп танылды. Облыс бойынша ұлттық байқауға 108 отбасы қатысқан. Макиленовтер отбасының отағасы Ернұр ішкі істер органында жұмыс істейді, криминалдық бөлімнің басшысы, жұбайы Әсем де саналы ғұмырын осы салаға арнаған, қазір құрметті зейнетте. Ерлі-зайыптыларды табыстырған да осы – әскери қызмет. Ернұрдың әкесі Үмітхан Макиленовтің Роза апамызбен отасқанына биыл 40 жыл. 3 баладан 7 немере сүйіп отыр. Қариялар шаңырақтың қазығы болса, өсіп-өнген ұрпақ – сол әулетің баға жетпес қазынасы. Үлкенге құрмет, кішіге ізетімен, қайсар мінез, қалтқысыз қызметімен туған-туыс, дос-жаранға сыйлы болған Макиленов әулетінің ұлттық байқауда үздік шығуы бекер емес.
Түркі халықтарының рухани астанасы Түркістан облысында ұлттық байқауға қатысуға 143 отбасы өтініш берген, үздік шыққаны – Әбілдаевтар әулеті. «Мұғалімдер отбасы» атанған жанұя Төле би ауданы Аққұм ауылында тұрады. Отасқанына 60 жыл болған Сәбит ата мен Айымжан әже – 4 ұл, 3 қыздан 30 немере, 35 шөбере сүйген өнегелі отбасы. Ардагер ұстаз Сәбит ақсақал ғұмырының 32 жылын білім саласына арнаған, өмірлік ұстанымы – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Жұбайы Айымжан Керімбайқызы да – мұғалім. Кейіпкерлеріміз педагогикалық институтта танысып, кейін шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыпты ұстаздар көп жыл бойы бір мектепте қызмет етіп, бала тәрбиелеген. Әулеттің татулығы алдымен әке-шешенің ынтымағында деп санайтын қариялар 60 жыл бойы береке мен бірлікте өмір сүрген. Әбілдаев әулеті – мұғалімдер әулеті, ата-ана жолын үш қызы жалғаған, екінші ұлынан туған немересі де ұстаздық қызмет етеді.
Ұлттық байқаудың жеңімпазы атанған шымкенттік Болатбек Бейісбековтің отбасында сегіз адам шығармашылықпен айналысады. Олар – Болатбек Бейісбеков, Күләш Айдарбекова, Берік Болатбекұлы, Мәдина Нұрланқызы, Венера Болатбекқызы, Ақбота Болатбекқызы, Арайлым Болатбекқызы, Нұрай Берікқызы. Үлкен шығармашылық әулетте Қазақстан Суретшілер одағының жеті мүшесі, Қазақстан Қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Арғы ата-бабалары қолөнерімен айналысқан отбасының бүгінгі ұрпақтары ұлттық өнерімізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып келеді.
Қорыта айтқанда, әр өңірден келген үздік отбасылардың берер өнегесі мол. Мұндай отбасылардың біразын осы уақытқа дейін газет оқырмандарына да таныстырып келдік. Үзіліссіз өткізіліп келе жатқан осынау үлгілі үрдіс алдағы уақытта да нәтижелі жалғасын таба беретініне сенімдіміз.