• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Алматы 11 Қыркүйек, 2023

Ескерілген тұрғындар тілегі

210 рет
көрсетілді

Алматының Түрксіб ауданына қарасты «Қайрат» шағын ауданының тұрғындары көгілдір отыннан тарыққандарын айтып, жауаптыларға жанайқайын жеткізген еді. Мә­се­ле­нің мәніне үңілген прокуратура өкілдері аталған жайдың ай­наласында заңға томпақ келетін бірқатар келеңсіздікті анықтады.

Желілер жекеменшікте болғандықтан жергілікті билік өкілдері жағдайға жедел ықпал ете алмаған. Бір маусымның өзінде көгілдір отын 12 рет өшіп, жай кезде де қысымның әлсіздігі тұрғындарды әбігер­ге салған. Заң өкілдері жауап­ты серіктестік өз тікелей мін­­­дет­терін сапасыз орын­да­­ға­нымен қоймай, апаттық-диспетчерлік және арнайы қызмет көрсету жүйесінің бол­­­мағанын әш­ке­ре­леді. Осы­­­­­­­лайша, тарап­тар­дың ке­лі­­­­­сі­мімен тұр­ғындар тіле­гі ескеріліп, ұзындығы 10 ша­қы­­рымнан асатын газ құбы­ры трассасының желілері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ба­лан­­сына берілді. «Бұл өз кезе­­гінде көпшілікті алаңдат­қан мә­­селені шешудің оңтайлы жолы», дейді мамандар.

«Шағын жеке ұжымдардың жұмысына көпшіліктің көңілі тола бермейді. Олардың әле­уеті кез келген апаттық жағ­­­дайға сай емес. Оның үстіне жеке болғандықтан өздері би, өзде­рі қожа болып, газды еш ескертусіз өшіре салатындары бар. Жылыту маусымында мұндай келеңсіздік болса, жағдайымыз не болады? Тілегімізге құлақ асып, бұл міндетті мемлекет тікелей қадағалайтын үлкен ұжымға тапсырып отыр. Енді газға қатысты проблема болмайды деген үміттеміз», дейді «Қайрат» шағын ауданының тұрғыны Раушан Аманжол.

Заңсыз қабылданған бір шешім бірнеше келеңсіз жайдың туындауына әкелуі мүмкін. Алматыда әсіресе заңсыз құрылыстарға қатысты даулы мәселе аз емес. Мемлекет бас­шысының «Әділетті Қазақ­стан» тұжырымдамасын не­гізге алған тұрғындар қор­да­лан­ған проблемаларды қоғам талқысына салуға үн қосып жүр.

Мегаполистің Бостандық ауданында бой көтерген төрт­қа­батты ғимараттың құры­лысы заңды өрескел бұза оты­рып салынғандығы тұр­ғын­дар на­разылығын тудырды. Мәсе­леге қала құры­лысын бақылау басқар­масы араласып, Қожанов көше­сі­нің шығысында орна­лас­қан нысанның талапқа сай еместігін әрі бекітілген бас жос­пардан ауытқығанын анық­та­ған. Екі жылға созылған сот үдерісі ғимаратты бұзу тура­лы шешім шығарғанымен, сот шешімін орындау кезінде мен­шік иесі жер телімін өзге тұлғаға сатып үлгерген. Қала құрылысы басқармасының жер телімін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызынан соң мәміле жо­йылып, бұзу туралы шешім күшінде қалды.

Былтыр жыл соңында «Политехнический» көшесінің бір бөлігі жеке компанияға тиесілі деген желеумен жабыл­ған еді. Аталған жай көше тұрғындарын ашындырып, жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Әкімдік жүргізген тиісті шаралардан кейін құ­рылыс салушы жобаны өз­герт­ті. Жабулы қазан жабулы күйде қалса, жол ортасынан көпқабатты екі бірдей тұрғын үй салынып кетуі ық­тимал еді. Жұртшылықпен жүздескен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көшенің қайта ашылғанын, жол жабыны компания есебінен қай­та қалпына келтірілетінін жет­кізді. Осылайша, жер учас­кесі қаланың коммуналдық мен­шігіне қайтарылды.

Мегаполистің Бостандық ауданында салынып жатқан тағы бір үйдің сапасына қа­тысты тұрғындар шағымы ма­мандар назарына ілікті. Меншік иесі қалалық жос­парлау және урбанистика бас­қар­масының келісімінсіз тау етегіне тұрғын үй кешенін салуды бастағанымен қоймай, құрылыс талаптарын өрескел бұзған. Тексеру барысында тіреуіш қабырғаларының жоқ­тығына байланысты құ­рылыс жұмыстары тоқта­ты­лып, тау бөктеріндегі баспа­на­лар­дың қауіпсіздігін елемеген тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, меншік иесі айтылған сөгістен қорытынды шығарып, қауіп­сіздік бойынша барлық олқы­лық­тарды жоятынын жеткізді. Мұндай жайлардан сабақ ала бастаған кәсіпкерлер мен жауапты мекемелер заң талаптарына барынша зейінмен қарауына тура келеді. Әсіресе құрылыс сапасына қатысты мәселелер сергектікті қажет етеді.

Жуырда Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы агенттік жер қа­тынастар саласындағы бір­қатар заңсыздықты анықтап, қала әкімдігімен бірге жер бөлу және құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуге кірісті. Мәселен, 2017 жылдан күні бүгінге дейін демалыс орындары мен туризмге тиесілі 286 гектар шұрайлы жер рекреациялық аймақтан тұрғын үй салу ай­мағына өтіп кеткен. Құзырлы органның дерегінше, аталмыш өзгерістер экологтер мен өрт сөндірушілердің, тіпті СЭС қызметінің келісімінсіз жүзеге асқан.

Алматының тарихи кел­бетін сақтап, саябақ аймақ­та­рын ұлғайтуға және заңсыз құрылыс салуды тоқтатуға қатысты Президент пәрменінен кейін, қалыңдап кеткен қай­шы­лық­тардың қабаты аршыла бас­тады. Тұрғындардың кез келген күмән тудыратын мәселеге қарсы үн қосуы қоғамның ояна бастағанын көрсетеді.

 

Алматы