• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 11 Қыркүйек, 2023

Конституциялық сот төрелігі: Құқық пен ынтымақтастық

369 рет
көрсетілді

Елордаға әлемнің 30 елінен келген конституциялық соттардың судьялары құқықты қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету саласында тәжірибе алмасты.

Конституциялық сотта Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығына арналған «Конституциялық сот төрелігі: баршаға қадір-қасиет, бос­тан­дық пен әділдік» атты халық­­аралық конференция өтті. Пре­зидент көмекшісі Ер­жан Жиенбаев Қасым-Жо­март Тоқаев­тың конференция қатысу­шыла­ры­на құттық­тауын оқып берді.

Мемлекет басшысы Конститу­циялық сот төрелігі демократиялық қоғамның маңызды элементтерінің бірі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың кепілі екенін атап өтті. «Конферен­ция­ның бүкіл әлем үшін іргелі құ­жат – Адам құқықтарының жал­пы­ға бірдей декларациясы­ның қа­­был­данғанына 75 жыл толу қар­саңында өтуінің сим­вол­дық мәні зор. Деклара­­ция адам құқықтарын қорғау және наси­хаттау саласындағы кең ын­ты­мақтастықтың қажеттілігін көр­сетеді. Қазақстан бұл тәсілді толы­ғымен қолдайды», делінген жеделхатта.

Диалог алаңына әлемнің 30-дан астам елінен, соның ішінде Еуропа, Азия және Африка елдері конституциялық соттарының судьялары, адам құқықтары жө­нін­дегі уәкілдері және құқық қор­ғаушы мекемелердің өкілдері жи­налды. Іс-шараға Президент Әкім­шілігінің, мемлекеттік орган­дар­дың басшылығы, Парла­мент де­путаттары, Бас прокурор, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, кә­сіби заң және ғылыми қоғамдас­тық­тардың өкілдері, сон­дай-ақ халық­аралық ұйымдар­дың, соның ішін­де Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия­сы (Венеция комиссиясы), БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЕО, Еуропа Кеңесі, Герма­ния халықаралық құқықтық қоры ын­ты­мақ­тастығы (IRZ), Адам құқық­тары жөніндегі Еуропалық соттың өкілдері және басқалар қатысты.

Жиынды Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова ашып, қатысушыларды өткен Конституция күнімен және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығымен құттықтады. Ол мемлекет, қоғам мен адам мүдделері арасында мөлшерлес, тұрақты және бейбіт теңгерімдікті табу, қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге сай келетін, адамды және тумысынан тиесілі құқықтарын қорғайтын құқық үстемдігін қамтамасыз ету ортақ міндет, сондай-ақ конференцияның басты тақырыбы екенін атап өтті. «Конституциялық бақылау органдары Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, адам мен азаматтың осы құқықтары мен бостандықтарын қорғауда», деді ол.

Конференция барысында қаты­су­шылар адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау құндылық­тарын насихаттаудағы конститу­ция­лық бақылаудың рөліне бай­ла­ныс­ты өзекті мәселелерді талқы­ла­ды. Эльвира Әзімованың ай­туын­ша, қазіргі уақытта азамат­тар­дың Конституциялық сотқа тіке­лей жүгіну және құқықтық актілердің заңдылығына дау айту мүмкіндігінің арқасында қазақ­стан­дық конституциялық бақы­лау органы 40-қа жуық құқық­тық нор­маның конституция­лылы­ғын қара­ған. Оның 7-еуі конститу­ция­лық емес, ал 13-і Консти­туция­лық сот­т­ың түсіндірмесінде Консти­туцияға сәйкес деп танылғанын атап өтті.

Сондай-ақ конференция аясында Конституцияға, Адам құ­қы­қ­тарының жалпыға бірдей дек­ларациясының 75 жылдығына және ҚР Конституциялық сотының құрылуына арналған пошта маркаларын айналымға шығарудың салтанатты рәсімі өтті.

Айта кетсек, осы жылдың басынан бері елімізде жаңа құқық қорғау органы – Конституциялық сот жұмыс істеп жатыр. Ол бұрынғы Конституциялық кеңестің орнына келгенімен, қызмет ауқымы одан әлдеқайда кең және оған қарапайым тұрғындар да өтініш бере алады. Өткен 8 айдың ішінде Конституциялық сотқа азаматтардан 4050 өтініш келіп түсті. Дегенмен, Конституциялық сотқа жүгінудің нысаны, мазмұны және шарттары бойынша талаптардың сақталмауына байланысты 3779 өтініш қайтарылды.