Қ.Сәтбаев атындағы университет ғалымдары су тазалаудың қолжетімді жүйесін ойлап тапты, нақтырақ айтқанда, суды баяу сүзу технологиясын қайтадан жаңартып отыр. Бұл табиғи су қоймалары бар жерде жоғары тиімді су тазарту құрылыстарын салуға мүмкіндік береді, деп жазады Egemen.kz.
«Суды баяу сүзу» деп аталатын технологияның құрылысы оңай, әрі оған техникалық қызмет көрсету әдісі де арзан. Сондықтан да осы әдіспен шағын ғана ауылды таза сумен қамтамасыз етуге болады екен.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек суды дайындаудың және тазартудың дәстүрлі технологиялары бірнеше процестерден тұратын күрделі технологияны қамтиды: тұндыру, сүзу, залалсыздандыру. Оның үстіне су қоймаларының қатты ластануына байланысты қолда бар су тазарту құрылғылары тиісті нәтиже бермейді. Екінші жағынан, қазір ауыз судың сапасына қойылатын талаптар да артып отыр, сол себепті су тазарту жүйелерін орнату құны да өсіп жатыр. Осының салдарынан шалғайдағы шағын ауылдарда таза судың бағасы қазір шарықтап тұр.
Аталған университеттің ғалымдары осыған дейін белгілі болған, алайда ұмыт қалған технологияны, яғни ауыз суды баяу сүзіп тазарту әдісін қайтадан зерттеп, Қазақстанның жағдайына қарай бейімдеді.
Ауыз суды дайындауға арналған баяу сүзгілер суды лайдан тазартып қана қоймайды, сонымен қатар оның құрамындағы ерекше органикалық, бейорганикалық ластаушы заттар мен бактерияларды да тазартады. Әрі бұл ретте ешқандай да химиялық реагенттер пайдаланылмайды.