Өзге жұрттар төрт түлігін дронмен бағып, астығын «автопилот» комбайндармен орып жүрген уақытта біздің фермерлердің дарылдаған ескі техникасына қарап көңіліміз құлазитыны рас. Қазір қай ауылға барсақ та, көшесінде көтерем техникаларды көзіміз шалады.
Тасбақаша тырбаңдайтын атам заманғы ДТ-75 шынжыр табанды тракторын тізгіндеп, егіс даласында жүретіндердің тірлігі бір бітпейтініне таңымыз бар. Жүрісі өндімегеннің алдына зор мақсат қоя алмайтыны содан болар...
Отандық ауыл шаруашылығындағы машина-трактор паркінің тозуы – Керекудің астықты өңірлері үшін аса өзекті. Шаруашылықтардағы жалпы саны 56 мыңнан астам түрлі техниканың 82 пайызы әбден көнеріп, қаусап тұр. Яғни облыс шаруалары жаңа техникамен өте төмен деңгейде қамтылған.
Егін салатын аудандарда әртүрлі маркалы комбайн, жаткалар, тракторлар, басқадай шетелдік техникаларды үсті-үстіне сатып алып жатқанымен, көрсеткіштердің алға басқаны көрінбейді. Мұның себебі – фермерлердің жаңару мүмкіндіктері өте аз.
Машина-трактор құнының өте қымбат болуы, лизингті ресімдеу үдерістерінің тиімсіздігі, қаржы ұйымдарының шаруашылықтарға қатысты қатаң шараларды жиі қолдануы жаңарту бағдарламаларының берекесін қашырып тұр. Фермерлерді ауыл шаруашылығына қажет техникамен «қаруландырып», өңірлерді өркендетуге үлес қосады деп сенім артылған «ҚазАгроҚаржы» АҚ сияқты құрылымдар лизингке алған техникасының төлемін кешіктірген немесе қаржылық қиындықтан келісімшарттың кейбір тармақтарын орындай алмай отырған шаруаларды қос өкпеден қысып, түрлі бассыздыққа барады. Мұндай шектен тыс шаралар өңірдегі шаруалардың ашу-ызасын тудырып, ынталарын тежейді.
Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Өткен жылы аталған қаржы ұйымы Ертіс-Баян өңіріндегі бірнеше шаруашылықты қыспаққа алып, оларға негізсіз түрде түрлі алым-салықтар төлеткен. Келесі жағдайда төлемін кешіктіргені үшін техниканы бір фермерден тартып алып екіншісіне сатып жіберген. Мәселен, «Алтай» шаруа қожалығы құны 10,4 млн теңге тұратын «Беларусь-920» тракторын лизингке сатып алыпты. Алайда арада бірнеше ай өткенде «ҚазАгроҚаржының» өңірлік филиалы Салық кодексінің 394-бабы, 38-тармақшасын негізге ала отырып, фермер трактор құнынан 12 пайыз қосылған құн салығын төлеуге тиіс екендігі туралы хабарлама жіберген. Сөйтіп, шаруа үшін бір ай ішінде әлгі «Беларусьтің» құны бақандай 1 млн 245 мың теңгеге қымбаттап шыға келеді...
Мұндай қаржылық кедергілерге жергілікті «Орманшы» және «Уақ» қожалықтары да ұшырасқан. «Орманшы» басшысы Ерғанат Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, фермерлер бұл компанияның алдында әлсіз, еш құқығы қорғалмаған. Барлық талапты олардың заңгерлері ойлап тауып, реті келсе өзгерте береді. «Біздің шаруашылық орналасқан аумақта фермерлер 20-дан аса техниканы лизингке алып отыр. Олардың барлығынан миллиондап сыпыра берсе, неміз қалады», деп күйінеді шаруа. Ал «Тайлақ» қожалығына құны 56 млн теңгеден асатын комбайнды лизингке берген қаржы ұйымы кейін төлемін кешіктіргені үшін техниканы егіс даласынан тартып әкетіп, «Дидар» қожалығына сатып жіберген. Тіпті соттың шешімі шыққанына қарамапты да...
«ҚазАгроҚаржы» АҚ өңірлік филиалының басшысы Байсал Алпысбай қандай жағдай болмасын барлығын заң аясында жасадық, өйтпесек, тексеруші органдар жазалайды деп ақталды.
– Соңғы үш жылдың статистикасын қарайтын болсақ, облыста техника сатып алып жатқан шаруалардың қатары көбеюде. 2021 жылы жалпы саны – 562, былтыр – 652, ал биыл алғашқы 8 айда 640 техника лизингке берілді. Олардың көбі тракторлар, комбайндар мен тұқым сепкіштер, себу кешендері. Алынған техникалардың басым бөлігі Қазақстанда құрастырылған. Ал шетелдің техникасын құп көретіндер негізінен Аустрия, АҚШ, Бельгия, Франция, Беларусь, Нидерланд, Қытай, Германия, Ресей елдерінің өнімін таңдайды. Былтыр көктемде техника бағасы күрт қымбаттағаны мәлім. Қымбатшылық тенденциясы биыл да тоқтаған жоқ. Өзімізде шығарылатын «Беларусь-82» тракторы бұрнағы жылы 8,3 млн тұрса, биыл 9 млн 730 мың теңгеге дейін өсті. Ал немістің «Arion 640C» маркалы тракторы екі жыл бұрын біздің нарықта 48,2 млн теңгеге сатылса, осы жылы бақандай 10 млн теңгеге қымбаттап шыға келген. Бұдан басқа астық жинайтын комбайндардың, жаткалардың өзге де арнайы және аспалы техникалардың құны өсіп отыр. Мұндай факторлар біздің шаруалардың төлем қабілетіне әсер етпей қоймайды, – дейді ол.
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Қанат Ибраевтың сөзіне сүйенсек, биыл облыс шаруалары шамамен 693 жаңа техника сатып алады деп жоспарланған. Жоспар орындалса, техника паркі небәрі 1,8 пайызға жаңарады. Ал соңғы бес жылда агросектор өкілдері жаңадан 5293 техника сатып алған. Астық науқанында техниканың төресі саналатын шетелдік заманауи себу кешендерінің үлесі де аз, небәрі 258 кешен бар. Лизингке және ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен өзге құрылымдардың меншікті қаражатына техника мен құрал-жабдықтарды сатып алудың ұлғаюы байқалғанымен, жаңару үрдісі тозу көрсеткішін қуып жете алмай тұр. Жоғарыда айтқандай, сатып алу деңгейлері өте төмен әрі жеткіліксіз болуына былтыр импорттық және отандық техника мен жабдықтар құнының қымбаттауы, кәдеге жарату алымын енгізу өте үлкен әсер еткен. Сонымен қатар орта және шағын шаруашылықтардың көпшілігі үшін арзан несиенің өзі қолжетімсіз. Төлем қабілетін дәлелдей алмайды немесе шаруаның өзі оны ертең өтеп шығарына сенімді емес. Ал мұндай шағын шаруашылықтардың үлесі облыстың агроөнеркәсіп саласында 66,4 пайызды құрайды екен.
Байыптап қарасақ, Ертіс-Баян өңірінде ауылшаруашылық техникасын толық жаңартып алған шаруашылықтар мыналар: «Абай», «Уразбаев» (Ертіс ауданы), «Пахарь», «Бақауов» (Железин ауданы), «Галицкое» (Успен ауданы), «Победа» (Шарбақты ауданы), «МТС Жайма» (Баянауыл ауданы), «Крон Агро» (Ақсу қаласы), «Агросервис-Аққулы» (Аққулы ауданы), «Алекпаров» (Тереңкөл). Бұл шаруашылық құрылымдары жыл сайын мемлекеттен миллиондаған субсидия алады. Білетіндер бұл ірі құрылымдардың артында беделді әрі ықпалды азаматтар тұрғанын айтады. Әл-ауқаты жоғары, қуатты экономика құрып алған әлгіндей шаруашылықтар үшін жыл сайын жаңа техникамен қарулану қиынға соқпайтыны да содан. Көктемде дала жұмыстарын уақтылы еңсеріп, күзде дәнді дақылын тез арада шашпай-төкпей жинап ала қояды. Ал мұндай мүмкіндік ұсақ шаруашылықтар үшін үлкен арман, оларға техникалық тұрғыдан жаңару мәселесі үлкен проблемаға айналып тұр. Себебі мемлекеттің қолдауын көрмейтін, өз қотырын өзі қасып үйреніп қалған фермерлерде ұзақмерзімді даму жоспары жоқ. Оларды ынталандыратын мемлекеттік тетік әзірше ойлап табылмай тұрғаны да өкінішті.
Тағы бір мәселе, Үкімет шетелден келетін техниканы сатып алуға миллиондап субсидия төлегенше, өзімізде құрастырылатын, бағасы арзан отандық шағын тракторларға неге мән бермейді? Бүгінде еліміздің әр түкпірінде өнертапқыш жандар түрлі техникалар құрастырып, арзан бағада ұсынуда. Былтыр Май ауданында кәсіпкер «Жұмыскер» атты шағын тракторлар өндірісін жолға қойды. Ол туралы талай мәрте газетімізде де жаздық. Әмбебап техника 15 түрлі жұмысты атқара алады. Шөпті шауып, жинау, картоп отырғызу, қыста қар күреу сияқты тағысын тағы ауылдың бітпейтін шаруаларын лезде дөңгелетіп тастауға болады. Техникаға қажет тиеуіш шөміш, қар күрегіштер, арнайы ашалар қосымша жасалады. Тракторға бүгінде арнайы патент алынған. Инженерлік тұрғыдан арзан әрі тиімді техника Қытайда құрастырылған шағын тракторлардан екі есеге жуық арзан. Шетелдік ауылшаруашылық көліктерінің бағасы аспандап тұрған уақытта бағасы қолжетімді әрі сенімді отандық техникаларға басымдық берілсе игі.
Павлодар облысы