• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2023

Тұрғындар қуанышы

288 рет
көрсетілді

Ауыл халқы үшін емхана есігінің ашық тұруы дәтке қуат саналады. Тұрғылықты халық­тың денсаулығын қадаға­лап, ауырып-сырқағанға дер кезінде дәрігерлік көмек қолын созатын да – медицина мамандары.

Халық саны екі мыңға жуықтайтын Ақай Нүсіпбеков атындағы ауылда былтыр жаңа дәрігерлік амбу­ла­то­рияның құрылыс жұмыстары бас­талған еді. Жалпы аумағы 320 шар­шы метр ғимараттың құрылыс жұ­мы­сын жүргізген мердігер «Алау» ЖШС нысанды осы жылдың тамыз айының соңында пайдалануға беруді жоспарлаған. Уәде орындалып, Конституция күні қарсаңында сапалы етіп салынған ауылдық амбулаторияның ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.

Бұл қуанышты іс-шараға ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін қатысып, бітер істің басы-қасында жүрген іскер азаматтарға қошемет көрсетті. Жақсыны көрмекке келген ауыл жұртшылығын Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтап, дендеріне саулық, от­басыларына аман­дық тіледі. Сондай-ақ медицина маман­дарының өз істеріне ыждағатты болуын тапсырды.

Ауыл көркін кіргізген жаңа амбулатория штатында 2 дәрігер, 5 орта буын, 2 кіші буын, 2 техникалық қызметкер жұмысын бастап кетті. Медициналық мекеме стоматологиялық құрылғымен, зертханалық, физиотерапиялық және ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

Кейінгі үш жылда аудандық аурухана ғимараты, Жалаңаш, Тоғызбұлақ дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өтсе, Тасашы дәрігерлік амбулаториясына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Алғабас дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар Бөлексаз, Тұйық, Шыбышы, Жалаулы ауылдарында блокты модульді ғимараттан емдеу мекемелері бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша жаңғырту негізінде Жылысай, Жайдақбұлақ, Қарабұлақ, Күрметі, Талды, Жаңаталап секілді елді мекендерге жаңа ғимараттар салу жоспарлануда, бұл жұмыстар биыл басталады.

«Денсаулық – зор байлық», деп бекер айтпаса керек. Адам денсаулығы қоғамның ең мызғымас берік қамалы десек болады. Осы жолда ақ желеңді абзал жандар аянбай еңбек етеді деген сенім мол. Пайдалануға берілген Ақай Нүсіпбеков ауылындағы дәрі­герлік амбулаторияның ел ертеңі­не берері зор. Ауыл тұрғындары үшін де денсаулық сақтау нысанының жаңа­ланып, заманға сай жасақталуы үлкен олжамен тең екенінде дау жоқ», дейді аудандық аурухананың директоры Алмас Тілеулиев.

Алқызыл лентасы қиылып, шашу шашылған іс-шарада ауылдың ақса­қалдар алқасының төрағасы Серік Ұзақов ақ батасын берді. Жиын соңында өз ісінде табандылық танытып келе жатқан бірқатар медицина маманы аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды.

 

Алматы облысы,

Кеген ауданы