• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 12 Қыркүйек, 2023

Португалиядағы Анадия көшелерінде шарап өзендей ақты (видео)

382 рет
көрсетілді

Жексенбі күні Португалия жағалауындағы шағын қаланың тұрғындары көшелерінде қызыл шараптың өзендей ағып жатқанын көріп таң қалды. Жергілікті «Levira» спирт зауытына тиесілі екі цистерна жарылып, қала көшелеріне 2,2 миллион литр алкоголь төгілді, деп хабарлайды Egemen.kz New York Post басылымына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған видеода 2000-ға жуық тұрғыны бар шағын Анадия қаласының көшелерінде қызыл сұйықтық ағып жатқаны бейнеленген.

Төгілген шараптың көлемі олимпиадалық жүзу бассейнінің көлеміне тең болды.  

Қала билігі экологиялық ескерту жариялап, төгілген алкоголь жергілікті Чертима өзеніне қосылмауы үшін дереу әрекетке кірісті.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Анадияның өрт сөндіру бөлімі шарап тасқынын бөгеп, оны өзеннен бұрып, жақын маңдағы егістікке бағыттады.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер спирт зауытының жанындағы үйдің жертөлесін толығымен шарап басып кеткенін хабарлады.

«Levira» спирт зауыты келтірілген барлық шығынды өз мойнына алатынын хабарлап, шарапқа малынған топырақты қазып алды.