Мемлекет басшысы Қазақстанда орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету керек екенін айтты. Президенттің айтуынша, бұл – қарқынды дамып келе жатқан экономиканың орнықты әрі әртараптандырылған негізі, алайда бұл бағытта шұғыл шешуді қажет ететін проблемалар қордаланып қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жалпы алғанда, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Ірі бизнес орнықты дамып келеді және табысы мол. Ол үшін мемлекеттік саясат қолданыстағы ережелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуі, фаворитизм мен бәсекеге қабілетсіз тәжірибелердің болуына жол бермеуі маңызды. Бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастырамыз», деді Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шағын кәсіпкерлік жұмыспен қамту ісінде және халықтың табысын арттыруда аса маңызды рөл атқарады. Бұл ретте салық барынша төмендетілді, тексеру іс жүзінде жоқ, қолдау құралдары бар, озық әрі жайлы цифрлық орта құрылды, әкімшілік кедергілер ұдайы азайып келеді.
«Алайда бізде оны бизнестің ең маңызды орта сегментіне көшіру үшін ынталандыру жолдары қарастырылмаған. Осы ретте орта бизнестің сыртқы нарықта дамуы, бәсекеге қабілетті жаңа өнімдерді өндіруі және оны экспортқа шығаруы үшін мүмкіндіктері мен айтарлықтай ынталандыру құралдары бар», деп қосты Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, орта кәсіпкер әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді.
«Иә, соңғы 7 жылда ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде ешқандай ерекше жағдай жасалмаған. Керісінше, қазіргі нормативті ортада, оларға, тіпті кеңейген кезде де, формальді түрде шағын бизнес болып қалу тиімдірек. Үкіметке және «Атамекен» палатасына осы мәселе бойынша ұсыныс енгізіп, нақты іске көшуді тапсырамын», деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.