«Ауылдың ажары – азаматынан» деген сөз бар. Бұл – еңбегімен елді көркейтіп, көпке септігін тигізіп жүрген азаматтарға қарап айтылатын сөз. Сондай сипатқа лайық азаматтың бірі – Бейбіт Асанов.
1999 жылдың 9 наурызында Бәйтерек ауданында «Асан-Ауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған Бейбіт Батниязұлының бастамасы бүгінде үлкен шаруашылыққа айналып, ауыл-аймаққа шарапатын тигізіп отыр.
Атакәсіпті алға сүйреген іскер азамат осынау уақыт аралығында егіншілікті қолға алып, әжептәуір деңгейге көтерді. Қазіргі кезде бұл шаруашылық 61 адамды жұмыспен қамтып отыр. Техникалары айтарлықтай жаңарып, тірліктің қарқынын күшейтіп келеді.
7 вектор комбайны, К-700 алып тракторларымен қоса Мтз-80 маркалы 16 трактор шаруаны шыр айналдырып тұр. Бүгінде шаруашылық 2 345 гектар жерге күздік қара бидай егіп, әр гектардан 23 центнерден өнім алды. Бұған қоса 200 гектар жерге арпа егіп, әр гектарынан 14,5 центнерден өнім түсті. Бұл істе 43 жұмысшы егінжайда тынбай еңбектеніп, алтын дәнді қамбаға жеткізді.
Сонымен қатар Бейбіт Батниязұлының шаруашылығында 1 120 гектар жерге жазғы ақ бидай тұқымы да себіліп, гектары 12 центнер өнім берді. Ал 1 417 гектарға егілген күнбағыстан 16 центнер өнім алуды күтіп отыр. Елді мекенге қайыры тиіп отырған осындай шаруаны қолға алатын бастамашыл азаматтың көп болғаны – елге пайда.
Рафхат Халелов
Батыс Қазақстан облысы,
Бәйтерек ауданы