Амангелді ауданында Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары Амангелді Имановтың 150 жылдығы аясында олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін насихаттауға да көп көңіл бөлініп отыр. Шалғай аудандағы спорт жарыстары суға жүзуден 2013-2016 жылы туған балалар мен қыздар арасында өткен облыс чемпионатынан басталды.
Мұндай облыстық деңгейдегі ірі жарыстың өтуі осы ауданның тарихында бірінші рет болып отыр. Амангелді ауылындағы жабық жүзу бассейні 2021 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жаз бойы өзен жағасынан шықпайтын ойын баласы қысы-жазы арнайы жаттықтырушының тәрбиесінде болып, су спортымен шындап айналысуға мүмкіндік алып отыр. Осының нәтижесінде ауданның жас спортшылары былтырғы облыс біріншілігінде эстафеталық жүзу жарыстарынан жүлделі үшінші орынға ие болды.
Бұл бассейнді кәсіпкер Сапар Ысқақұлы 125 млн теңгеге салып берді. Қазіргі таңда 70-ке тарта бала жүзумен шұғылданады. Штатта 13 адам жұмыс істейді, екі бапкер бар. Жүзу кешені облыс бюджетінен қаржыландырылады. Балалар екі жылдың ішінде суға жүзумен кәсіби түрде айналысып, бүгінде үлкен жарыстарға қатысуға жарап қалды. Мұндай заманауи жүзу кешені басқа аудандарда жоқ.
Халықаралық стандартқа сай заманауи жабдықталған жабық бассейнде ұзындығы 100 метрлік төрт жүзу жолағы бар. Бапкердің айтуынша, баланың неғұрлым ұзаққа жүзіп жаттыққаны жақсы. Өйткені мұндай бассейнде шыныққан бала үлкен жарыстарда ентікпейді.
Облыс көлемінде жүзу жолағының ұзындығы 100 метрге дейін жететін су спорты кешені Қостанай қаласы мен осы Амангелді ауылында ғана бар екенін айта кету керек.
Батыр тойы аясындағы облыстық чемпионатқа Амангелді ауданының жас жүзушілері мен осы спорт түрі дамыған Қостанай, Рудный, Лисаков сияқты қалалардан келген спортшылар қатысты. Қалада жаттыққан бабы мықты жас спортшылардан қалыспай, жүлделі орындарға ілігіп жатқан ауыл балаларының талабы жан сүйсінтеді.
Қостанай облысы