Осы аптаның аяғында теннистен Дэвис кубогінің плей-офф додасы басталады. 16-17 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Софияда Болгарияға қарсы ойнайды.
Бүгінгі таңдағы Болгарияның басты жұлдызы Григор Димитров екені даусыз. 32 жастағы Хаськовоның тумасы әр жылдары Уимблдон (2014 жылы), Аустралияның ашық біріншілігі (2017) және US open (2019) додаларының жартылай финалына дейін жетіп, АТР турнирлерінде сегіз рет топ жарды. Кезінде әлемдік рейтингте үшінші орынға дейін көтерілген Димитров қазіргі кезде 20 сатыға жайғасты. Бір қуаныштысы, дәл осы ойыншы Дэвис кубогіне қатысудан бас тартты. Ал бұл жарыста Болгарияның намысын Димитар Кузманов (№178), Александр Лазаров (№479), Янаки Милев (№567), Петр Нестеров (№707) және Александр Донски (№809) қорғайды.
Қазақстан командасы Софияда мынадай құрамда күш сынасады: Александр Бублик (№29), Тимофей Скатов (№121), Михаил Кукушкин (№241), Александр Недовесов (№1038) және Андрей Голубев. Соңында аталған екі теннисшіміз жұптық сайыста өнер көрсетеді.