«Орал» компрессорлық стансасына «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының тұңғыш президенті, газ саласының еңбек сіңірген қайраткері Есет Рауатұлы Әзірбаевтің есімі берілді.
Осы оқиғаға орай жуырда өткен салтанатты рәсімге «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жәркешов пен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өкілдері, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Орал Желілік өндірістік басқармасы ұжымы қатысты. Қонақтар мемориалдық тастың ашылуына қатысып, Есет Рауатұлын еске алды.
Есет Рауатұлы – кеңестік репрессия жылдары қуғындалып, башқұрт жерін паналап аман қалған дін қайраткерінің ұрпағы болатын. Тектілік тегінен дарыған азамат өз ұлтының тарихын терең білетін. КСРО кезінде мұнай-газ саласының білікті маманы атанған ол тәуелсіздік тұсында жас Қазақстанның бірыңғай газ құбырлары жүйесін құруға және жаңа аумақтарды газдандыруға көп қызмет етті. Сол кездегі қиындықтарға қарамастан Есет Рауатұлы ұлттық компанияны басқарып, жаңа магистральдар салып, сол арқылы табиғи газдың елдің барлық өңіріне және экспортқа тарауына жол ашты.
– «Қазақгаз» ұлттық газ компаниясының тұңғыш президенті Есет Рауатұлын еске алу – біздің борышымыз. Өз елінің болашағына бейжай қарамаған мұндай тұлға газ саласы қызметкерлерінің жас буыны үшін әрдайым үлгі болуы керек. Халқымыз осы күнге дейін Есет Рауатұлын жылы еске алады, ал оның есімі еліміздің мұнай-газ индустриясының тарихына алтын әріппен мәңгілікке жазылған, – деді Санжар Жәркешов.
Стансаның атауын өзгерту және мемориалдық тасты ашу идеясын мұнай-газ саласының ардагерлері көтерген екен. Газ саласының құрметті ардагері, Есет Рауатұлының бір кездегі әріптесі Анатолы Тегісбаев ел үшін еңбек еткен Е.Әзербаевтың алты жыл бұрын өмірден өтсе де, есімі ұмытылмай, еленіп жатқаны үшін компания басшылығына алғыс айтты. «Өз елінің нағыз патриоты мұндай құрметке лайық!» деді ақсақал.
«QazaqGaz» ҰК басшысы Батыс Қазақстан облысы газ шаруашылықтарының алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы тексерілгенін, мамандардың айтуынша, өңір жылыту маусымына 100% дайын екенін хабарлады.
Батыс Қазақстан облысы