• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 13 Қыркүйек, 2023

Ислам БАЙРАМУКОВ: Балуандарымыз әлі талай асуды бағындырады

380 рет
көрсетілді

Қазақстанның еркін күрес тарихында Ислам Байрамуковтың алатын орны ерекше. Ол 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиадада күміс медаль олжалап, Азия ойындарында қола жүлде иеленді. Азия чемпионатында бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жүлделердің 1-еуі алтын, 3-еуі күміс, 1-еуі қола. Жалпы, Исламды сегіз қырлы, бір сырлы азамат деп айтсақ та жарасады. Қарашай ұлтының өкілі қазақ тілін жетік меңгерген. Сөзге шешен, тілі өткір, ойы жинақы, өресі биік. Мақал-мәтелдеп сөйлегенде, тамсанбай тыңдамау мүмкін емес. Оның осы қасиеттерін біз теледидар арқылы байрақты бәсекелерден тікелей репортаж жүргізу барысында байқадық.

– Ислам Ілиясұлы, Жамбыл облы­сының Тұрар Рысқұлов ауданында туып-өскен төрт бір­­дей азамат­тың Олимпия ойын­­дарында жеңіс тұ­ғы­рына көте­рілгенін жақсы білеміз. Олар – Ермахан Ыбырайымов, Ақ­жү­­рек Таңатаров, Елдос Сме­тов және сіз.

– Сіз жоғарыда атаған азамат­тардың барлығы да ел спортының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның алдында Луговой асыл тұқымды ат зауытында туған «Аб­сент» атты таза қанды ақал­теке тұ­қымдас сәйгүліктің дү­бір­лі додаларда сан мәрте дара­лан­ғаны бар? Бұл 1960 жылы Рим Олимпиадасында алтын алса, 1964 жылы Токиода қос қоланы иеленді. 1968 жылы Мехикодағы жа­рыстың ко­ман­далық сайысында күміс медаль еншіледі. Одан бөлек, кәсіп­қой бокстан бірнеше дүркін әлем­нің абсо­лютті чемпиондары – ағайынды Ви­талий мен Владимир Кличколардың да балалық шағы дәл біздің өңірде өткен. Сол саңлақтардың әкелері әскери адам болған. Ол бірер жыл Құлаң өңірінде қызмет етіпті.

– Осыған дейін сіздің жер­лес­теріңіз – атақты бокс­шы Ер­махан Ыбы­­райы­мов­пен, әй­гілі балуан Ақ­жү­рек Таңа­та­ровпен тілдес­кен едік. Әңгіме бары­сында олар спорт­тағы биік белес­тер­ді бағындыруда үздік жасаған жаттығулар жа­йын­да баяндады. Сіздің де үлкен спорт­­тағы жо­лыңыз даңғыл бол­­­­маған шығар? 

– Әрине, бәріміз бірдей жағ­дайда болдық қой. Спортта бірде ұтыласың, бір­де ұтасың. Жеңіс пен же­ңіліс қатар жүреді. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін шелектеп тер төгіп, тынбай еңбек ету керек. Нағыз жалындап тұр­­ған шағыңда көп нәрседен, той-думан, ойын-сауықтан бас тар­туға тура ке­леді. Теледидар арқылы көріп отырған адамдар спортшы болған қандай керемет деп ойлайтын шығар. Өйткені ол жерде сенің жеңіске жетіп, құрмет тұғырында марқайып тұрғаныңды ғана көрсетеді. Бірақ әсте олай емес. Оның артында көптеген қиындық пен ке­дергі бар. Оны тек спортпен кәсіби түрде шұғылданған адамдар ғана түсінеді.  

– Тоқсаныншы жылдардың басында сіз кеңес ода­ғы ма­ман­­дарының назарына ілік­тіңіз. Сонда қай жарыста көзге түсіп жүр­сіз?

– 1991 жылы Бішкекте өткен КСРО кубогінде бас жүлдені олжаладым. Сол кезден бастап  менің спорттық мансабымда өрлеу кезеңі басталды.  

– КСРО ыдырағаннан кейін Қа­зақстан құрамасы дер­бес команда ретінде алғаш рет 1993 жылы Ұлан­батырда ұйым­дас­тырылған Азия чем­пио­на­тына қа­тысты. Сол кезде ко­ман­да қор­­жынына алғашқы жүлдені сал­­ған да сіз едіңіз.

– Иә, алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде сары құрлықтың бас­ты додасына қатысқанымыз күні бүгінге дейін есімде. Сол жарыс­та 100 кило салмақ дәрежесінде күрескен Игорь Непомнящий екеуміз жүлдегерлер қатарынан көріндік. Мен 90 кило салмақта сайысқа түстім. Ақтық айқасқа дейін алқынбай жеткеніммен, финалда Иранның әйгілі балуаны, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Расул Хадемнің осал тұсын таба алмадым. 

– Азия чемпионатында сіз бес мәрте жеңіс тұғырына көте­рілдіңіз. Алғашында үш күміс пен бір қоланы еншіледіңіз. Ал бас жүлдеге тек 2000 жылы Қы­тайдың Гуилин қаласында қол жеткіздіңіз. Сондай шешуші сәтте не жетпеді деп ойлайсыз? 

– Оның түрлі себебі бар. Бірде бағым жанбады, бірде бабым дұрыс болмады. Жарақатпен кү­рескен кездерім де жоқ емес. 1996 жылы Сяошаньде тағы сол Расул Хадемге есе жібердім. 1999 жылы Ташкентте әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы ирандық Алиреза Хейда­риге жол бердім. Кейіннен бұл балуан Афина Олимпиа­да­сында қола медаль олжалап, әлемдік додада үш рет күміспен күптелді. Азиаданы екі және құр­лық біріншілігін үш рет ұтты. Міне, осындай даңқты балуандар менің алдымды орады.

– Әлем чемпионаттарына бірнеше мәрте қатыстыңыз. Бір­ақ бірде-бір рет бағыңыз жан­­бады. Сол жарыстарда жеңіс тұ­ғы­рына көтерілуіңізге не ке­дер­гі болды?

– Ол кезде бізде жарыс тым аз болды. Қаражаттың жоқтығынан талай ірі додадан шет қалдық. Тәжірибенің аздығы да кесірін тигізді. Әлі есімде, 1993 жылы Торонтода өткен әлем чемпиона­тына даярланып жатқанда, Олим­пиаданың екі және әлемнің бес дүркін чемпионы Махарбек Ха­дарцев маған күресіп көрейік деп ұсыныс жасады. Сон­да даң­қы жер жарған дүлдүлдің мені елегеніне қуандым. Екеуміз бі­раз алы­сып-жұлыстық. Бір мезетте аяғына өттім де, кілемге алып ұрдым. Сонда маған «Қор­қатын түгі жоқ. «Аңыз адамдармен» де күресуге болады екен ғой» деген ой келді. Міне, біздің буынға осы жағы жетіспеді. Егер халықаралық аренаға жиі шығып, атағы жер жарған балуандармен күш сынасқанда, се­німіміз арта түсер еді. Мәселен, Ма­харбек Хадарцев, Арсен Фад­заев, Сергей мен Анатолий Белоглазовтар, Лери Хабелов сынды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында сан мәр­те атой салған балуандар ешкімнен же­ңілмейтіндей кө­рінетін. Бапкер­лер де, басқалар да біздің құлағымызға солай құйып тастаған. Кейіннен ютубтан көрсек, кейбір жарыстарда олар АҚШ-тың апайтөстерінен бір емес, бірнеше мәрте ұтылған екен. Иран­дықтардан да жеңілген.

Тағы бір маңызды мәселе, елімізде маған қарсылас болмады. Ауыр және аса ауыр сал­мақта Игорь Климов деген балуа­н бар еді. Ол КСРО халықтары спартакиадасын ұтқан, КСРО мен Азия чемпионаты және Азия ойын­­дарында жүлде алған. Көбіне-көп екеуміз айқасамыз. Басқа балуандар сәл әлсіздеу болды. Ал бәсекелестік жоқ жерде нәтиженің де төмен болатыны белгілі.

– 1996 жылы Атланта Олим­пиа­да­сына қатыстыңыз. Аме­рикада асы­ғыңыз алшысынан түспеді ғой...

– Олимпиада қарсаңындағы тур­нирлердің бірінде тобығымды қатты жара­қаттап алдым. Сол жарақаттың әле­гімен біраз уа­қыт жоғалттым. Атлан­тадағы жа­рыстың тұсаукесер кездесуінде канадалық Скотт Бианкодан басым түскеніммен, іле-шала Расул Хадеммен қайта жолықтым. Бұл бәсекеде төрешілер өрескел қателік жіберді. Олар менің үш ұпайға татитын әдісімді бір ұпаймен ғана бағалады. Соның салдарынан 3:4 есебімен есе жібердім. 

– Төрешілердің шешімі әді­летсіз болса, неге шағым түсір­медіңіздер?

– Шағымды жарты сағатта түсіру керек екен. Ол кезде біз­дің ғана емес, бапкерлердің де тәжі­рибесі кемшін еді. Өйткені Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырмыз. Біріншіден, уақыт өткізіп алдық. Екіншіден, наразылық білдіру үшін 500 доллар көлемінде ақша төлеу керек. Ісіміздің оңға басатынына күмәнданған жат­тықтырушылар: «Осымен қоя салайық. Қазылар өз шешім­дерін өзгерте қоймас. Шағым тү­сірсек, 500 доллар­дан айырылып қала­мыз», деп әңгімені шорт кесті. Біраз уақыт өткен соң Ресей күрес федерациясы басшыларының бірі Михаил Мамиашвили мен Сеул­де күміс алып, Барселонада бас жүлдені олжалаған бес дүркін әлем чемпионы Лери Хабеловтің «Неге шағым түсірмедіңдер? Сен­дер қызық екенсіңдер», деп бастарын шай­қағаны бар. Шын­туайтында, олардың маған жаны ашып тұрған жоқ. Есімдері аталған ресейліктер Хадарцевтің Хадемді жеңе алатынына күмәнданды. Егер Махарбек ұтса, онда ол үш дүркін Олимпиада чемпионы атанатын еді. Бірақ финалда Солтүстік Осетияның тумасы Иран­ның пехлеванына жол берді.

Жұбаныш белдесуінде Барсе­лона Олимпиадасының күміс және әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері германиялық Хай­ко Бальцты жеңгеніммен, іле-шала әлем чемпионы, сол жа­рыс­тың күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Әлем кубогінің ие­гері, Панамерика ойынд­арының жеңімпазы америкалық Мел­вин Дугласқа есе жібердім. Онда қателік өзімнен болды. Оны кеудемнен асыра лақтырамын деп, астына түсіп қалдым.

– Сіз 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпия ойындарының күміс медалін иелендіңіз. Бұл сіздің спорттық ман­сабы­ңыз­дағы ең жарқын жеңіс екені дау­сыз. Бірақ бас жүлде үшін бә­се­кеде Дағыстанда туып-өс­кен авар ұлтының өкілі, Әлем және Еуропа чемпионы Са­гит Мұр­­та­залиевті сан соқтыру мүм­­кін бол­мады ма?

Жартылай финалда жеңіске жеткенде қатты қуанып қойдық-ау деймін. Қазір ойлап отырсам, Сиднейге дейін Сагитпен ең болмағанда бір мәрте кездескенде, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Финалға өзімше тактика құрдым. Егер «клинчке» дейін жеткізсем, Мұртазалиевті аударып тастаймын деп ойладым. Алайда бұл жос­парым жүзеге аспады. Сөйтіп, күміс медальды қанағат тұттым.

– Бозкілеммен қоштасқаннан кейінгі қызметіңіз туралы қыс­қаша айтып өтсеңіз.

– 2004 жылы Афина Олим­пиадасынан кейін үлкен спорттан қол үздім. 2007-2009 жылдары Қазақстан ұлттық құра­масының бас бапкері болдым. Бірер жыл Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қоғамдық жұ­мыстарға белсене араластым. Одан кейін Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқардым. 2022 жылдан бері Қарашай-балқар этномәдени бірл­естігінің мүшесімін. 

– Маман ретінде қазіргі кезде еліміздегі еркін күрестің да­му бары­сына қандай баға бе­ресіз? 

– Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік менің жаныма қатты батты. Қазақстанның ең белді балуандары күрескен жарыста бір ғана медаль алдық. Өзім сол кезде «Қазспорт» арнасынан тікелей репортаж жүргіздім. Бірден біз­дің жігіттердің аяқ алысы мен демал­ғандарынан күдіктендім. Аяқ-қолдары сіресіп қалған, дұрыс тыныстай алмайды. Сұрастырсам, олар Жапонияға 27 шілдеде кеткен екен. 4 тамызда күрес бас­талды. Жетінші және сегізінші күн акклиматизацияның нағыз кемеліне жететін кезі. Бұл ғылыми түрде дәлелденген. Оған қоса, балуандар Алатау бөктерінде орналасқан АИБА-ның базасында даярланды. Аталған база теңіз деңгейінен 1,6 мың метр биіктікте тұр. Токио болса, небәрі 40 метр­дей биіктікте. Яғни спортшыларымыз таудан барып, бірден шұңқырға түсті. Соны біздің мамандар білмеген бе? Басшылар мен ғылыми топ қайда қарап отыр? Мұны мен еліміздің күрес түрлеріне жасалған қиянат деп қа­былдадым. Басқа айтар сөзім жоқ.

Аллаға шүкір, қазір көш бірте-бірте түзеліп келеді. Биылғы сәуір айында Астанада Азия чем­пионаты өтіп, Қазақстан құ­рамасы өз тарихындағы тең­дессіз табысқа қол жеткізді. Төрт бір­дей өреніміз жеңіс тұғырының ең биік са­тысына көтеріліп, жал­пы­командалық есепте көш бас­тады. Аталған жарысты тама­ша­лай отырып, балуандардың өре­лі өнері мен жеңіске деген құл­шы­нысына сүйсіндім. 

– Азия чемпионатында балуандарымыз айды ас­панға шыға­рып, төрт алтын алды дейік. Ал сол бас жүл­дені ол­жа­­ла­ған­дар­дың ара­сынан ал­дағы Олим­пия ойын­дары мен әлем чем­пио­нат­та­рында жеңіс тұ­ғы­рына көте­рілуге күш-жігері же­тетін балуанды көре алдыңыз ба? 

– Біздің балуандар ешкімнен кем емес. Бұйыртса, Қазақ елінің де өрендері биік белестердің барлығын бағындырады. Бірақ сол толағай табысқа тезірек қол жеткізу үшін әлі біраз ауқымды жұмыс атқару қажет. Күрес өне­рінде жеңіспен өрілген дәс­түрі бар мемлекеттерге жиі барып, солардан көп үйренуіміз керек. Жігіттерді психологиялық тұр­ғыдан жақ­сылап даярлаған абзал. Ғылым мен ме­дицинаға да ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Сонда елімізден Олимпиада, Әлем чем­пион­дары көптеп шығады. Оған мен кәміл сенемін.  

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»