Отандық колледж студенттері кәсіптік білім беру бойынша ұйымдастырылған EuroSkills Gdańsk чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Дәлірек айтсақ, олар екі медаль және төрт үздік медальон иеленді. Біздің құрама бұрын-соңды мұндай жетістікке қол жеткізген емес.
Жаһандық жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 32 елдің өкілдері қатысты. 25 жасқа дейінгі 600 жас маман бақ сынаған чемпионат Польшаның Гданьск қаласында ұйымдастырылды. Ұлттық құрамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы кіріп, 25 бағыт бойынша сынға түсті. Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Руслан Юсупов «Веб-технологиялар» бағыты бойынша күміс медаль иеленді. Ал Қостанай автомобиль көлігі колледжінің өкілдері Андрей Степанюк пен Станислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бағыты бойынша қола жүлдені қоржынға салды.
Халықаралық жарысқа студенттердің барлығы қатыса алады. Ол үшін өңірлік, республикалық іріктеу жарыстарынан сүрінбей өту қажет. Осы жолы жүлдемен оралған жастарға жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігімен қатар, басқа да бағалы сыйлықтар беріледі.
– Бұл жеңіс – педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби қызметінің жемісі. Қажырлы еңбекпен келген жетістік өзге жастарға да үлгі болады. Үздік нәтижемен оралған балалар еліміздің барлық аймағын аралап, студенттерге шеберлік сабағын өткізеді. Олар қатарластарына халықаралық білім жарыстарында қалай жетістікке жетуге болатынын түсіндіреді, – деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев.
EuroSkills чемпионаты – Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыру саласындағы маңызды іс-шара. Ең ірі халықаралық кәсіби шеберлік додасы WorldSkills Europe-ге қатысушы елдердің бірінде екі жыл сайын өткізіледі. Чемпионатты ұйымдастырған WorldSkills International қауымдастығы техникалық мамандықтарды кәсіби даярлаудың мәртебесі мен стандарттарын арттыру мақсатында жұмыс істейді. Бүгінде қауымдастыққа 72 ел мүше болып отыр. Қазақстан бұл қатарға 2014 жылы қосылды.
Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова бүгінде WorldSkills International ұйымына мүше елдерде кадрларды кәсіби даярлау стандарттары жетілдіріліп жатқанын айтты. «Бұл тізімде біз де бармыз. Қазір WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды дайындау, олардың біліктіліктерін арттыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жолғы жарысқа бармас бұрын да 28 қатысушы дайындықтан өтті», деді ол.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы 9-сыныптан кейін оқушыларды 100 пайыз қажетті мамандықтармен даярлау көзделіп отыр. Қазір бұл тапсырма 80 пайызға орындалды.