Таяуда Қорғаныс министрлігі отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне қатысты айтылып жүрген әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге орай ресми түсініктеме жариялады. Ол жерде қорғаныс ведомствосы мен қару-жарақ техникаларын шығаратын отандық кәсіпорын – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС арасындағы кикілжіңдерге байланысты толық жауап берілген.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында және «ҚПИ» ЖШС-да болған кезінде отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау қажеттігіне назар аударғаны белгілі. Министрліктің мәліметіне қарағанда Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларына сәйкес қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу талаптарына жауап беретін қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгілерін жоспарлы сатып алу жүзеге асырылып келеді. Тактикалық-техникалық талаптарға сай болған жағдайда армияны негізінен отандық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтауға мүдделі екенін айтады.
Бірақ осыған дейін министрліктің тапсырыстарын орындап келген «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясымен ынтымақтастық неліктен тоқтап қалды? Негізгі себеп – ЖШС-ның тапсырыстарды толыққанды орындамауы, әскери техниканың талапқа сай болмауы және бәсекеге қабілетсіздігі. Қорғаныс министрлігі мен «ҚПИ» ЖШС арасында 2017 жылы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Министрліктің түсініктемесінде айтылғандай, меморандумға сәйкес 2030 жылға дейін 274 «Арлан» және 106 «Барыс» бронды дөңгелекті машиналарын сатып алу көзделген. Дегенмен құжатта аталған әскери техникалардың сынақтан өткеннен кейін ғана сатып алынатыны көрсетілген. Ал «Барыс» бронды машинасы сол сынақтан өте алмай қалып, қазіргі күні зауыт кемшіліктерді жоюмен айналысып жатқан көрінеді.
Бүгінгі таңда еліміздің Қарулы күштерінде 138 «Арлан» көпмақсатты бронды машинасы (110-ы жауынгерлік модульмен және 28-і жауынгерлік модульсіз) бар. 2023 жылы тағы 20 «Арлан» машинасын сатып алу жоспарланған. Ал 2022 жылы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде «ҚПИ» ЖШС 10 «Арлан» КБМ-ға, арадағы бекітілген рәсімге сәйкес қабылданбаған «WSE» жауынгерлік модулін орнатып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бұзған. Сонымен бірге биыл да «WSE» жауынгерлік модульдерін орнату көзделген 18 «Арлан» машинасын жеткізу шартының бұзылу қаупі бар. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі аталған техникалар сапасының төмендігін сын садағына алып отыр.
«Біздің мәліметтеріміз бойынша осы уақытқа дейін бірде-бір машина экспортқа шығарылмаған. Бұл оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендігін көрсетсе керек. Сонымен қатар «ҚПИ» ЖШС өндіретін машиналардың ешқайсысы су кедергілерін жүзіп өтуге, жаудың бронды нысандарымен ұзақ қашықтықта атысуға және таулы жерлерде әрекет етуге қабілетті емес» делінген министрліктің түсініктемесінде.
«Барыс» 8х8 машинасына келсек, биыл мамыр айында ол әскери тәжірибелік сынақтан өткен. Бұған дейін министрлік тарапынан машинаның дөңгелегіндегі және жауынгерлік модуліндегі кемшіліктерін жою бойынша ұсыныстар берілген екен. Алайда биылғы сынақта базалық шасси бойынша кемшіліктері жойылып, модуліндегі ақаулар сол қалпында қалғаны белгілі болған. Сондықтан «Барыс» машинасы да «ҚПИ» ЖШС-на кемшіліктерін жою үшін кері қайтарылып отыр. «Барыс» көпмақсатты бронды машинасын атыс қуаты бойынша ресейлік БТР-82А-мен салыстыруға болады. Бұл ретте оның құны (шамамен 1 млрд теңге) ресейлік машинадан (шамамен 400 млн теңге) айтарлықтай жоғары екенін айта кету керек. «Барыс» КБМ суда жүзбейді, күшейтілген бронды қорғанысы маневр жасау мен басқаруға, жылдамдық сипаттамаларына, габариттік өлшемдерге теріс әсер етеді. Бұл өз кезегінде шешілетін міндеттерді едәуір шектейді» делінген министрлік мәліметінде.
Түсінікті болу үшін айта кетсек, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС – «Арлан», «Алан» және «Номад» атты заманауи бронды дөңгелекті машиналарын және «Барыс» бронды транспортерін шығаратын кәсіпорын. Астана қаласында орналасқан зауыт жылына 120 машинаға дейін шығара алады деген мәлімет бар. Дегенмен 2015 жылы құрылған кәсіпорынның бірде-бір өнімі шетелге экспортқа шығарылмаған. Тек еліміздің Қорғаныс министрлігімен ғана жұмыс істеп келе жатыр. Ал басқа елдерден неліктен сұраныс жоқ?
Біз осы сұрақты әскери сарапшы Амангелді Құрметке қойып, мәселенің мән-жайына қатысты пікірін білген едік. Оның айтуынша, әскери техникаларға шетелден сұраныстың болу-болмауы оның сапасына берілген баға болып есептеледі. Сұраныс болмауы – олардың басқалармен бәсекеге түсуге қабілетсіздігін көрсетуі мүмкін екендігін айтады.
«Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» өзін Орталық Азиядағы ең ірі әскери техника өндіретін кәсіпорын екендігін айтып келеді. Алайда 2015 жылдан бері неліктен олардың бірде-бір техникасы экспортқа шығарылған жоқ? Ең құрығанда 2015-тен 2020 жылға дейін шығарылған 138 «Арланның» бір бөлігі Орталық Азия елдеріне сатылуға тиіс еді. Бірақ оны жасай алмағаннан кейін кәсіпорын басшылары «отандық өнімді қолдамайды» деп Қорғаныс министрлігіне кінә артып келеді», дейді сарапшы.
Айтуынша, кәсіпорын басшылары бұрынғы Қорғаныс министрлері Нұрлан Ермекбаев пен Мұрат Бектановқа да осындай айыптар таққан. Енді қазіргі сала басшысы Руслан Жақсылықовты да «отандық өнімді қолдамайды» деумен қатар, Қорғаныс министрлігінде жемқорлық жайлағандығы туралы қауесетті таратып келеді екен. «Олар министрлікті кінәлағанша өздерінің кемшіліктерін айтылған талапқа сай түзетуі керек еді. «Барыс» бронды транспортерін сынау кезінде дөңгелегі түсіп қалған. Ату кезінде 10 оқтың 9-ы тимейді. Бұл біздің армиямыз үшін қажетті әскери техника ма? Кез келген машинаның біріншіден сарбаз өмірін сақтауы, екіншіден, атыс қуаты мен дәлдігі сынаққа алынады», дейді сарапшы.
Өткен жылдың тамыз айынан бері Украинадағы соғысқа байланысты еліміздің әскери қару-жарақ техникаларын шетелге экспортқа шығаруға тыйым салынған. Қазіргі күні «ҚПИ» ЖШС басшылары өз өнімдерінің экспортқа шығарылмауын осы тыйыммен байланыстырады. Дегенмен әскери сарапшының айтуынша, кәсіпорын басшылығы Үкіметке ұсыныс жасап, Украинамен байланысы жоқ елдерге өз өнімдерін шығару мүмкіндігін қарастыруы керек еді. «Өйткені экспорт – сенің өніміңе берілетін баға», дейді ол.
Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлық мәселесіне келсек, ведомствоның берген мәліметінде мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаушы конкурс арқылы таңдалатыны, конкурсты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің МҚТ комитеті жүзеге асыратыны айтылған. «Орындаушыны таңдауды комиссия жүргізеді, оның құрамы мен жұмыс тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Конкурс әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қос мақсаттағы (қолданылатын) тауарларды (өнімдерді) отандық өндірушілердің және мемлекеттік қорғаныс тапсырысының әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді отандық жеткізушілердің тізіліміне енгізілген ұйымдар қатарынан өткізеді. Комиссия құрамына қызмет бағыты бойынша арнайы білімі бар Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитеті мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері кіреді. Шешім комиссиялық түрде қабылданады. Кәсіпорындардың ұсыныстары техникалық ерекшеліктермен айқындалған параметрлер мен шарттарға сәйкес келген жағдайда шешім ең төмен бағаны ұсынған кәсіпорынға қатысты қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Қорғаныс министрлігі техникалық ерекшеліктерді әзірлейді, өнімдерді (қызметтерді) жеткізу саны мен мерзімдерін айқындайды. Бағаны белгілеуге уәкілетті орган (ӨҚМ) жауап береді» делінген мәлімдемеде.
Қазіргі күні еліміздің Қарулы күштерінде Түркияның «Арма» 8х8 бронды көлігі сынақтан өтіп жатыр. «ҚПИ» ЖШС өкілдерінің айтуынша, «Барыс» 8х8 «Армадан» еш кем түспейді және құны 40 пайызға арзан. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Барыс» БКМ «Арма» сияқты суда жүзбейді. «Барыстың» жауынгерлік модулі 30 мм зеңбірекпен жабдықталған, ал «Армада» 100 және 30 мм зеңбіректер орнатылған және танкке қарсы ататын зымыран кешенінде 5 шақырымға дейінгі қашықтыққа ату мүмкіндігі бар. Бұл салыстырмалы түрде оның ату мүмкіндігінің едәуір жоғары екенін көрсетіп тұр.
«Арма» машинасы Қорғаныс министрлігінің биыл 21-25 тамыз аралығында өткен әскери оқу-жаттығу полигондарында отандық және шетелдік өндірістегі брондалған дөңгелекті техниканың демонстрациялық көрсетілімінде тест-драйвқа қатысқаны белгілі. Ал «ҚПИ» басшылығы осы оқу-жаттығуға шақыртылғанына қарамастан, «Барыс» БКМ-ның жауынгерлік мүмкіндіктерін бірнеше рет көрсеткенін айтып, сондай-ақ орнатылған қару-жарақтың тозуы, бұл жауынгерлік мүмкіндіктерді толық ауқымда көрсетуге мүмкіндік бермейді», деп оған қатысудан бас тартқан.
Бұл туралы пікір білдірген сарапшы мәселе отандық компаниядағы менеджменттің әлсіздігінен болуы мүмкін деген болжам айтады. «Қазақстан Парамаунт Инжинирирнг» ЖШС-ның Қорғаныс министрлігіне қатысты шағымдары бойынша 6 рет сот өтіп, барлығында жеңіліс табуы оның қызметіндегі шикілікті көрсетсе керек. Олардың менеджмент жағы әлсіздеу болып отырған сыңайлы. Серіктестік өндірісін тек өзіміздің Қорғаныс министрлігіне ғана бағыттамай, финн, швед, қытай кәсіпорындарымен байланыс жасап, тәжірибе алмасып, өнімдерінің сапасын арттыруға көңіл бөлуі керек», дейді Амангелді Құрмет.