Байтақ Қазақстанда қасиетті, киелі жерлер баршылық. Бұл тұрғыда елімізде біле-білгенге шексіз мол қазына бар десе болғандай. Айталық, өңірлердегі Алтын Орда, Жошы ұлысы, Отырар, Сарайшық сынды тарихи орындарды «біздерде мынадай бар» деп жарқыратып көрсетсек, туристер ағылар еді.
Сондай-ақ саяси репрессия, жаппай қуғын-сүргін, қудалау кезінде, яғни 1920-1950 жылдары қазақ жерінде миллиондаған тұтқын отырған бірнеше лагерь болды. Олар әр аймақта орналасқан. Ал осындай орындарға шетелде қалай қарайды? Мысалы, Германияның Мюнхен қаласының іргесіндегі «Дахау» концлагеріне күніне жүздеген турист барады.
Мұндай тарихи, қилы тағдырлы жерлер бізде де бар. Қарағандыдағы Карлаг, Жезқазған жері тарихының көлеңкелі бір тармағы болып қалған Степлаг, Ақмола өңіріндегі Алжир және басқа да жерлердегі зобалаңның көзіндей қасіретті орындарда музей ашып, әлем жұртшылығына неге көрсетпеске? Елімізде аштық құрбандары жаппай қырылған, бас сауғалап елден қашқан босқындар безіп кеткен, Сталин заманында сырттан жер ауып келгендер орналасқан мекендер аз емес. Айта берсек, туризм саласына байланысты тілге тиек етер жүздеген ұсыныс бар. Тағы бір мәселе – туризм саласын дамыту үшін ЖОО-ларда мамандар даярлау ісі әлі де ақсап тұр.
Жолдауда айтылған еліміздің жасыл стратегиясын Ұлыбританияда өткен басқосуда әлем қауымдастығы қызу қолдап отыр. Алайда елімізде туризмді дамытамыз деп тұмса табиғатты бүлдіріп алмауымыз керек. Өйткені кейінгі кезде мөлдіреген Көлсайға, Қайыңдысай мен Шарын шатқалына ағылған халық тым көп. Өкінішке қарай, сол аймақты ластап, былғап кетушілер де көбейген. Табиғаты ерекше мекендерде демалушылардан кейін қалатын көл-көсір қоқысты ешкім тазартып жатқан жоқ. Себебі бұл жерлерді ешкім өз қамқорлығына алмаған.
Осы орайда айтарымыз, өткеннің жақсы тұстарын да ұмытпай, кәдеге жаратуымыз керек. 90-жылдар басында дүркіреп тұрған Арқадағы әйгілі «Целинсельмаш», Мәскеу мен сол кездегі Ленинградты сапалы етпен қарық қылған Семей ет комбинаты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жетісу фабрикалары, КСРО-ға өнім шығаратын Алматы ауыр машина жасау зауыты, Станок жасау зауыты, Киров зауыттары қайда? Бәрін қиратып, орнына шетелден қымбат жиһаз таситын «Армада» сияқты арбиған орындар пайда болды. Еліміздің әр аймағындағы толып жатқан өндіріс орындарына қайта жан бітіріп, өркендету қазіргі таңда аса маңызды әрі ауадай қажет.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры