Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіндегі баяндамасында өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөнінде сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қ.Тоқаев баяндамасында өнеркәсіп кооперациясын жандандыруға бағытталған жоспарды жүзеге асыру маңызды екеніне тоқталды.
«Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор», деді Мемлекет басшысы.
Президент Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу керектігін айтты.
«Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді», деді Мемлекет басшысы.