Ірімшік дайындау тек аспаздық немесе кәсіптік емес, ірі деңгейдегі сайыстардың да өзегі болып келеді. Газетімізде бұрын Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы аумағында орналасқан «Жеті лақ» фермасы Францияда өтетін «Mondial du fromage – 2023» халықаралық ірімшік және сүт өнімдері байқауына жолдама алғанын хабарлаған едік. Бұдан үш жыл бұрын өз кәсібін бастап, бүгінде пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарып, айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіретін ферма иелері Никита Кобзев пен Александра Григолованың Франциядағы сайыстан қоржыны құр қайтқан жоқ.
Ірімшік өндірушілер арасында маңызды саналатын «Mondial du fromage – 2023» байқауында биыл 250 төреші әлемнің әр түкпірінде әзірленген ірімшіктің 1 600 түрі арасына 150 ірімшікті іріктеп алды. Олардың арасында Маңғыстаудан барған Александра мен Никитаның «Жеті лақ» фермасының өз өндірісіндегі ешкі мен түйе сүтінен дайындалған ірімшіктің екі түрі бар. «Жеті лақ» фермасы бұл байқауға Қазақстан бойынша әрі тұңғыш қатысушы, әрі тұңғыш жүлдегер болды. Никита мен Александра «Mondial du fromage – 2023» байқауында күміс және қола жүлдеге ие болып, халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына қабылданды.
– Қазақстан тарихында тұңғыш рет біздің өндірушілер әлемдік үздік ірімшік жасаушылармен конкурсқа қатысып, отандық өнімдерді ұсынды. Біздің мақсатымыз – ірімшік мәдениеті мен ірімшік жасау шеберлігін дамыту. Біз байқауға алты айдан аса уақыт дайындалдық. Жоғары жетістікке жеткенімізге өте қуаныштымыз және мақтан тұтамыз. Бізді халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына салтанатты түрде қабылдады, бұл – ірімшік әлемінің элитасы. Біз – Қазақстанның осы атаққа ие болған алғашқы ірімшік жасаушыларымыз. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа және Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс білдіргіміз келеді, – деді А.Григолова.
10 гектар жерге жемшөп қоймасы мен сүт өңдеу цехын салып, ешкі өсірумен айналысатын «Жеті лақ» фермасы жаңа шабытпен өз кәсібін жалғастырады.
Маңғыстау облысы