Еңбек адамды өсіреді, өмірге құлшынысын арттырып, қанаттандырады. Ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, үмітін үкілей түседі. Төрт мүшесі түгел бола тұра еңбекке құлықсыз жандардың қасында өзін әлдеқайда бақытты, табысты, ырысты сезініп, еңбек ету арқылы көптің құрметіне бөленіп жүрген ісмер Гүлім Нұрбатырова осылай ой түйеді. Шеберлігі шыңдалған тігіншінің есімі бүгінде жұртшылыққа жақсы таныс.
Он жылдан аса уақыт бұрын жазиралы Жаркенттен кереге таулы Кегенге келін болып, босаға аттаған Гүлімнің басына ақ жаулығын салып, батасын берген енесі Зияш апа балаларының бақытты болуына қолдан келген жақсылығын, қамқорлығын аямай, демеу болуды өз міндетіне алған. Алғашқы күннен бастап еңбекке ептілігін аңғартып, үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп, құтты орнына тастай батып, судай сіңген Гүлім есту қабілетінен айырылғаны болмаса, еш кемістігін көрсетпей, ел қатарлы еңбек етуде алдына жан салмайтынын аңғартады. Мұнымен ғана шектелмей, он саусағынан өнер тамған ісмер екенін байқатады.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген тәмсілді жадына тоқыған Гүлім өзінің жанына жақын жұмыспен жастайынан айналысуға ұмтылады. Ата-анасы қыздарының қабілет-қарымына қарай оқып-тоқуына ықпал етіп, қамқор болған екен. Сөйтіп, Талдықорғандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектепте, одан кейін Алматы қаласындағы арнаулы оқу орындарын аяқтап, қолына арнайы тігінші деген сертификатын алады. Бұл шеберқол жанның өмірден өз орнын тауып, халыққа пайдасын тигізуіне жол ашады.
«Ұлым Медетпен бас құрап, ошағымның отын жаққан келінімнің мінезі жайлы, жайдары. Ата-анасының тәлім-тәрбиесі ғой, өте еңбекқор. Жұмысқа деген жауапкершілігі зор. Өсіп-өніп келеміз. Айжан, Аманжан, Айзере есімді үш немеремнің екеуі бастауышта оқиды, кішісі – балабақшада. Мен немерелерімді бағып-қағып, ұлым мен келінімнің алаңсыз жұмыс істеуіне қолғабыс етіп отырмын. Өйткені екеуінің алатын жәрдемақылары қайдан жетсін? Осы күні азық-түлік, киім-кешек түгел қымбат. Келінім күнделікті табысын тауып, сол олқылықтың орнын толтыруға тырысып, тепеңдеп жүр. Бұл орайда кәсіп ашып, еңбек етем деушілерге демеу болып отырған үкіметке ризамыз. Сонау 2017 жылы қайтарымсыз 1 млн теңге беріп, соған іс машиналарын, тігуге қажет құралдарын, ине-жібін сатып алып, кәсібін ашқан келінім елдің алдына түсіп кетпесе де, кем қалмай, тіршілігін жасап келеді», дейді фельдшер болып зейнетке шыққан енесі Зияш Рашқанова.
Тұла бойы тұңғышының атымен аталатын «Айжан» тігін цехына келетін кісі қарасы қай уақытта да үзілмеген.
«Гүлімнің қолынан бәрі келеді. Бастапқыда киімдерді қысқартумен айналысса, бүгінде көрпе, перде тігуді еркін меңгеріп алды. Көз жауын алатын құрақтар құрайды. Балабақшалардан ертеңгілікке қажет киім тігіп беруіне сұраныстар түседі. Сөйтіп, табандылығы мен шеберлігінің арқасында көптің көңілінен шығып, алғысын алып жатады. Тігіншіліктің қыр-сырын жетік меңгеріп алған құрбымыздан біздің де үйренеріміз көп», дейді базарда бірге жұмыс істейтін Мәрзия.
Бір жасынан құлағынан құлық ағып, соңында есту қабілетін жоғалтқан Медет Іліпбеков те мемлекеттік бағдарлама аясында еңбекпен қамтылып, тұрақты табыс тауып отыр. Тағдырдың жазуына өкпе артпай, жарық дүниенің қадірін біліп, өмірдің қуанышын көбейтіп, ырыс-несбесін арттырып отырған қос жүректің мақсаты – ұл-қыздарын тәрбиелі, білімді әрі еңбекқор етіп өсіру. Өйткені адал еңбекпен тапқан нан тәтті.
Алматы облысы