• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 18 Қыркүйек, 2023

KASE+AIX=... Қос биржаны қосқаннан не өзгереді?

188 рет
көрсетілді

Елімізде екі бірдей қор биржасы (KASE және AIX) жұмыс істейді және олар көп жағдайда бір-бірін қайталайды. Өзара бәсекеге түсетін кездері де жоқ емес. Бұл отандық қаржы жүйесіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Ішкі на­рықтың көлемі мен тар­тымдылығын арттыру үшін екеуін біріктіріп, бір­ың­ғай басқаруға көшір­ген жөн болмақ. Мұндай жа­ңа­­шылдыққа қаржы на­рығы қалай қарайды? Бір-бірінен табиғаты бөлек се­кіл­­денетін қос биржаның қо­­сылуы нендей өзгеріс туғызбақ?

Қазақстан Қаржыгерлер қа­уым­дастығының басшысы Елена Бахмутова бірігу KASE базасында жүзеге асырылуға тиіс деп есептейді.

«Өйткені негізгі өтімділік сол жерде шоғырланған. Әрине, «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) AIX-ке қатысты реттеуінде кейбір оң аспектілер байқалады және жеке платформа бар. Менің ойымша, бұл мүмкіндіктерді пайдалануға болады, бірақ бәрібір бірігу KASE негізінде болуы керек, өйт­кені белсенділік әлі де Алматыда», дейді ол.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бірігудің қандай форматта жүзеге асатыны Ұлттық банк, KASE және АХҚО-мен бірлесе отырып шешімін табады. Оның сөзінше, былтыр «ҚазМұнайГаз» IPO-сы кезінде акциялардың 70 пайызы КАSЕ-де, 30 пайызы AIX-те орналас­тырылды.

«KASE жергілікті инвести­циялық алаңның рөлін атқарса, AIX негізінен халықаралық ин­вес­­торларды тартуға бағыт­тал­ған. Қазақ­стан қор биржасы – опера­­ция­лардың барлық түрін (mo­ney market, РЕПО, облигация, мем­лекеттік бағалы қағаздар, ак­циялар) орындайтын толық­қанды биржа. Ол жерде шетел­дік компаниялардың да құнды қағаз­дарын сатып алуға бола­тын жаһандық алаң­қай бар. Қа­зақстанның капитал нарығы аса үлкен емес, сондық­тан тар­тым­­дылық үшін өтімді­лік­тің бір­ың­ғай пулын құрған ма­ңыз­ды», деді Агенттік төрағасы.

AIX биржасының басқарма төрағасы Әсел Мұқажанованың айтуынша, биржаларды біріктіру кезінде инвесторларды үркітіп алмау өте маңызды.

«Біздің ойымызша, AIX және КASE биржаларын бірлесіп бас­­қарудың мақсаты отандық бағалы қағаздар нары­ғын дамыту болуға тиіс. Бұл ретте KASE сауда-саттық көле­мі­нің 5 пайызға жуығы акциялар мен кор­поративтік борыш­тық құ­рал­дарға тиесілі екенін, ал AIX-те саудаланатын көлемнің 100 пайызы бағалы қағаздар екенін ескеру қажет. Отандық компаниялар халықаралық нарықтарға (негізінен Лондонға) шыға бастады. Ал шетелдік инвесторлардың жергілікті нарыққа деген ынтасы да, қолжетімділігі де болған жоқ, өйткені біздің еліміздің заңдары мен реттеу тәсілдері әрқашан халықаралық ойыншылар үшін түсініксіз болып көрінді. Нәтижесінде, отандық жария компаниялардың бағалы қағаздары саудасының 65 па­йыздан 93 пайызға дейінгі көлемі Лондонда жүзеге асырылады, ал қалғаны жергілікті биржалар арасында бөлінеді. Бұл отандық бизнеске, қор нарығына және жалпы ел экономикасына тиімді жағдай емес», дейді биржа басшысы.

Оның айтуынша, осылайша, AIX шетелдік капиталға есік аш­ты. Ең ірі жаһандық банктер, атап айт­­қанда, «J. P. Morgan», «Bank of New York», «State Street», «Citi», «BNP Paribas және Northern Trust» бүгінгі күні 165 трлн дол­ларды құрайтын капи­тал­­ды бас­қа­рады.

Әсел Мұқажанованың сөзін­ше қос биржаның интег­ра­ция­сын мейлінше жедел жүзеге асыру керек. Себебі үдеріс­тің кешеуілдеуі нарыққа, инвесторлардың көңіл-күйіне теріс әсер етуі әбден мүм­кін.

«Бұл нарықтың өсуіне жақсы ық­пал ететін және әлеуетті эми­тент­­терді, сондай-ақ шетел­дік инвесторларды, соның ішінде қазіргі және болашақ инвесторларды «үркітіп» алмайтын өзге­ріс­тердің жақсы дамыған жол картасы болуға тиіс. Үдерісті кешіктіру алдағы IPO-ларға теріс әсер етуі мүмкін екенін нақ­ты түсіну керек. Эми­тенттер, бро­керлер және басқа да нарық қатысушылары, әсіресе жаһандық инвесторлар, нарықтағы перспективалар түсі­нік­сіз болған жағдайда уақыт пен ресурстарды зая кетіргісі кел­мейтіні айдан анық. 2024 жылы бірнеше компанияның жоспарланған IPO-сына байланысты интеграцияны мүм­кін­дігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Бұл осы лис­­тингтердің табысты болуын қам­тамасыз етеді және нарықтық ин­фра­құрылыммен байланысты тәуекелдерді азайтады», деді.

Қазақстан қор биржасы бас­па­сөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының қос биржаны қосу бойынша бастамасы ішкі қаржы нарығының өтім­ділігін және көлемін арттыру­ға көмектеседі.

«Қазақстан қор биржасы Мем­лекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға қатысушы тарап­тарды тарта отырып және мүдделерін ескере отырып ша­ра­лар қабылдайды. Биржа сау­да көлемі бойынша ТМД кеңіс­­тігіндегі екінші ірі биржа болып қала береді. 8 айдың қорытындысы бойынша KASE-дегі орташа күндік сауда көлемі 1,5 трлн теңге болды. Бір күнде жасалған мәмілелердің орташа саны 5,1 мыңнан асады. Айдың соңына дейін «KASE Клирингтік орта­лығы» АҚ-ны іске қосу жос­парланған», деп мәлімет береді қор биржасы.

Экономист Бауыржан Мұқа­новтың айтуынша, шетел­діктер үшін Астана биржасының жұ­мысы қолайлы болып тұр.

«Астанадағы биржа Дубай­дың үлгісімен, ағылшын заңымен жұмыс істейтін болып құрылды. KASE-дегі заң – Қазақстанның заңы. KASE-де дауласып қалған екі компания Алматыдағы ау­дан­дық экономикалық сотта мә­се­­лесін шешеді. Ал АIX-те дауласқан компаниялар біздің Жоғарғы Сотқа бағынбайтын, Астана биржасының өз сотына барып жүгінеді. Осының арқасында онда Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей және араб әлемінің бірнеше компаниясы тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Астана биржасы болмаса, бұлар KASE-ге келмес еді. Өйткені Қазақстан заңы оларға тиімсіз. Астана биржасы Қазақстанның халықаралық нарыққа шығатын есігі ретінде қабылданып келді. Енді Прези­дент екеуін біріктіреміз дегенде «кім кімді жұтады?» деген сауал туындайды», дейді сарапшы.

KASE 1993 жылы құрылған және Алматыда жұмыс істейді. Биржа акционерлерінің саны – 76. Оның ішінде Ұлттық банк (47 пайыз), Мәскеу биржасы (13,1 пайыз), «Комеск-Өмір» компаниясы (7,6 пайыз), «Қазақстан Халық Банкі» (6,8 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (3,2 пайыз), Kaspi (2,6 пайыз) және басқалар бар. Бир­жада валюталық секция және шетелдік эмитенттер қағаз­да­рының секциясы орналасқан. Ал AIX 2017 жылдан бері АХҚО юрис­дикциясында жұмыс істеп келе жатыр. Биржа акционерлері – АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры және NASDAQ биржасы.