• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қыркүйек, 2023

Өнегелі іс-шара

254 рет
көрсетілді

Шығыс тұмса табиғатқа оранып отырған облыс болғандықтан шығар, халқы қоршаған ортаны қорғаумен байланысты іс-шараларға білек сыбана кіріседі. Кеше ел көлемінде басталған «Kieli tabigat» экологиялық акциясына да бір кісідей атсалысты.

Жастар ресурстық орталықта­ры­ның ұйымдастыруымен өткен экологиялық іс-шара облыс орта­лығы Өскеменде басталып, жер-жерлерде жалғасып жатты. Қаты­сушылар бір-бір қап ұстап, өзен-көл, орман-тоғай маңындағы ша­шылған қоқыстарды жинауға кі­ріскен. Жастар орталығы ұйытқы болғанымен, экологиялық акцияға жасы да, жасамысы да қатысты. Табиғаттың тазалығы көпшілікті бейжай қалдырмаған. Себебі аяқтың астында шашылып жатқан пластик­ті бөтелке тығыздығына қарай 80 жылдан 600 жылға дейін шірімей жатады. Оның үстіне қоршаған ортаға улы зат бөледі. Сол секілді күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген полиэтилен пакеттің де ші­ріндіге айналып кетуіне жылдар қажет. Жасыратын несі бар, мә­дениет пен тәрбиеден алшақтау кей азаматтар табиғат аясында демалу­ды білгенімен, өздерінен қалған қо­қысты жинап алуға сана-сезімдері жетпей жатады. Сол үшін де осындай акциялар өткізіліп, маңай бір тазарып қалады.

– Акция аясында қала жастары, эко-волонтерлер, бел­сенді тұрғындар Ертіс өзенің жаға­лауында тазалау жұмысын жүр­гіздік. Адамзат та табиғаттың бір бөлшегі. Құрметпен, аяушылықпен қарауымыз керек. Бүгінгі іс-шара­ға 200-ден астам тұрғын тарты­лып, бөліп алған аумақтарымызды қоқыс­тан тазарттық. Санасақ, 300 қап қоқыс шығарылған екен. Жаға­лаудан ғана мұнша мөлшерде қоқыстың шығуы – табиғатқа төнген қауіптің бір белгісі. Біз полиэтилен, пластик дүниелерден құтылуы­мыз керек немесе мәдениетімізді, тәрбиемізді дұрыс жолға қоюымыз керек, – дейді қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Ерболқызы.

Экологиялық акцияның басты мақсаты – киелі аймақтарды тазалау, қалпына келтіру, сақтау. Демек тазалық жұмыстары жүргізілген өңірлер кездейсоқ таңдап алынбаған. Дәл осы күні Қатонқарағай өңірін­де де экологиялық бастаманы қол­дап, демалушылар жиі тоқтайтын Сарымсақты, Ақсу, Қарасу, Ақ­бұлқақ өзендерінің аңғарлары айна­дай етіп тазалап шықты. Ала жаздай жиналған қоқысты 124 қапқа сыйғызды.

Айта кетерлігі, Катонқарағайда экологиялық акцияға Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің ұжымы, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет сала­сының өкілдері, әкімдік қызмет­керлері, жастар, ерікті тұрғындар қатысты. «Әлбетте, әр адам қоқы­сын жинап жүрсе, жүздеген тұр­ғын әуреге түспес еді. Табиғатқа жана­шырлық танытпау, тәрбиенің жоқтығы», дейді ерікті тұрғындар.

– Жыл сайын сенбілік өткізуге, осындай акцияларға қатысуға ерінбейміз. Жұдырықтай жұмылып жүріп, әп-сәтте төңіректі тап-тұй­нақтай еттік. Демалушылар айналасына құрметпен қараса екен, – дейді акцияның бел ортасында жүрген ұлттық парк қызметкері Ерік Қасымов.

Түптеп келгенде, тәрбие болмай, мәдениет қалыптаспайды. Қоршаған ортаның ластанып жатуы, мәдениеттің төмендігіне, тәрбиенің жоқтығынан десек, артық айтпағанымыз шығар. Ал тәрбиенің бүгін-ертең түзеліп кетуі екі талай. Демек «Kieli tabigat» секілді акцияларды барынша қолдап, жер-жерлерде ұйымдастырып отыру қажет. Бұл жолғы іс-шара жоғарыда аталған өңірлерден бөлек Алтай, Самар, Ұлан аудандарында да өтті.

 

Шығыс Қазақстан облысы