Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті жақында Орал қаласында көшпелі отырысын өткізді. Отырыста өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдер, әсіресе киік санын шектеу туралы мәселе сөз болды.
Жиынға Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаевтың өзі бастап келген сенаторлардан бөлек, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Тасжүреков, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, жергілікті ауыл шаруашылығы мекеме басшылары қатысты.
Рас, ақбөкен тақырыбы облыста өткір тұр. Бірнеше жыл бұрын қозғалған бұл мәселе әлі күнге нақты шешімін таппай отыр. Ал кейінгі кезде өңірдегі киік саны да, шаруалардың шыдамы да ең шырқау шыңына жеткені байқалады.
– Әсіресе Батыс Қазақстан облысында киік мәселесі проблемаға айналып отыр. Орал популяциясындағы киік саны облыс аумағында 1 млн бастан асып, жайылым мен шабындық, тіпті егін алқаптарына зиян келтіргені айтылған. Бұл мәселеден депутаттар хабардар. Соның ішінде сенатор Арман Өтеғұлов бірнеше рет мәселе көтерді, Үкімет басшысына сауал жолдады, нақты ұсыныстарын да айтты. Біз осы сапарымыздан кейін де Үкіметке арнайы сауал жолдауды жоспарлап отырмыз, – деді жиынды бастаған Ә.Бектаев.
Өтемақы қашан беріледі?
Батыс Қазақстан облысы әуелден ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытып, төрт түлік малдың берекесін көріп отырған өңір. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, облыс аумағында 904 мың бас ірі қара, 1 млн 512 мың бас ұсақ мал, 300 мың бас жылқы және 2,6 мың бас түйе тіркелген.
Тағы бір ерекшелігі – Батыс Қазақстан облысын Жайық өзені екіге бөліп ағады. Соның ішінде Жайықтың оң жағындағы, яғни облыстың оңтүстік аудандары мал өсірумен шұғылданады. Өңірдегі түйе саны түгелге жуық, ал ірі қара, ұсақ мал және жылқының үштен екісі осы оңтүстік аудандарда. Ал ресми орындардың есебінше саны 1,1 миллиондай, жергілікті тұрғындардың пікірінше 2 миллионнан асып кеткен ақбөкен де дәл осы оңтүстік аудандардың жерінде, Жайық пен Еділдің арасында жосып жүр.
– Алдымызда қоян жылының қысы келе жатыр. Қыстаққа кіретін мал басына 2 млн 126 мың тонна шөп дайындауымыз қажет. Алайда қазір біздің жинағанымыз облыс бойынша небәрі 1 млн 530 мың тонна. Бұл қажетті көлемнің 72%-ы ғана. Ал оңтүстік аудандарда табиғи шөптің өнімділігі әлдеқайда төмен. Мәселен, бүгінде Бөкей Ордасы ауданы қажетті шөптің 49%-ын, Жаңақала ауданы – 48%-ын, Жәнібек ауданы 36%-ын ғана дайындап отыр. Шектен тыс көбейген киік оңтүстік аудандардағы шабындық және жайылымдық жерді таптап, мал азығын дайындау қиынға айналды, – деді түз жануарының ауыл шаруашылығына тигізген зардабы туралы баяндаған Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызғали Қарағойшин.
Қазір Ақ Жайықтың шаруа халқы бір ғана жайтты көңіліне медеу етіп отыр. Ол – былтырғы қыстың жайлы болғаны. Соның арқасында былтыр жиған жемшөбінің біраз бөлігі сақтаулы тұр. Алайда киіктің көбеюінен тек азық тапшылығы емес, басқа да мәселе шығады. Мысалы, қазір Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов, Жаңақала аудандарында ақбөкен үй малымен араласып жайылып жүр. Бір суаттан су ішеді. «Бұл өңірдегі ветеринарлық ахуалға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», деп мамандар дабыл қаққалы біраз болды. Өйткені дәл осы Орал популяциясындағы киіктердің жұқпалы аурудан мыңдап қырылған оқиғасы 2010, 2015 жылдары тіркелген еді. Бүгінде есепсіз көбейіп, үй жануарларымен араласып кеткен киік қырылса, төрт түлік мал да аман қалмасы анық.
Наурызғали Қарағойшин облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес киіктен зардап шегіп отырған әрбір ауданда киіктен залалдар көлемін есептеу үшін комиссиялар құрылғанын, бұл комиссиялар әр шаруашылық көлемінде акт жасақтап, зиян көлемін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынғанын айтты.
Бұл ақпаратқа қарасақ, облыс аумағында 1 350 агроқұрылымның 913 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жеріне, соның ішінде 3,0 мың га егістік, 46,1 мың га шабындық және 863,9 мың га жайылымдық жерге киіктен залал келген. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған әдістемеге сәйкес жайылымдарға келтірілген залал құны 7,9 млрд теңгені құрап отыр.
Алайда қазіргідей қысқы мал азығын дайындап жатқан күрделі кезеңде аса қажетті өтемақы қаржы батысқазақстандық шаруалардың қолына әлі тиген жоқ. «Шопан ата» қауымдастығының Жәнібек ауданы бойынша филиал басшысы Бауыржан Сабанов, облыстық мәслихатының депутаты, «Тасқала ет» ЖШС директоры Нұртай Жұмашев секілді жергілікті шаруа өкілдері осы мәселені жеделдетуді сұрады. Сонымен бірге Ресей тарапынан келіп жатқан арзан бағалы өнімдерді шектеу, сөйтіп, отандық аграрларды қорғау мәселесі де көтерілді.
– Киіктен келтірген залал үшін өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып, шығын мөлшері сараптамадан өткізіліп жатыр. Бұрын мемлекетімізде мұндай тәжірие болмаған соң бәрін жаңадан қарастыруға тура келеді. Ал көрші мемлекеттерден келетін ауыл шаруашылық тауарларын шектеу мәселесі күрделі. Өйткені экономикалық нарығымыз бір. Сондықтан тікелей тыйым сала алмаймыз. Тек өнімдердің сапасын қадағалауды шекарадан бастап күшейтетін боламыз. Ішкі нарыққа келіп жатқан ет өнімін, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалаймыз, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Қыркүйекте шешім қабылданады
Батыс Қазақстан фермерлерінің асыға күткен тағы бір мәселесі – киік санын реттеу. Яғни «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жағдайды ойлап табу. Бұл үшін өңірдегі киік популяциясының санын белгілі бір мөлшерде сақтап, артылған бөлігін мақсатты пайдалануға рұқсат берілуі керек.
– Елімізде 2003 жылдан бастап бүгінге дейін киікті реттеуге тыйым салынды. Кеңес одағы кезінде киіктің ең көбейген кезіндегі саны 1,2 млн болатын. Бүгінде мұның саны 2,6 млн басқа жетті. 20 жыл ішінде әсіресе 2017 жылдан бері елімізде киік саны әжептәуір өсті. Біздің министрлік Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мамандарына киік популяциясын реттеу бойынша биологиялық негіздеме әзірлеуге тапсырыс берді. Қазір ол негіздеме әзір. Соған сәйкес дайындық жұмыстары басталды. Осы қыркүйек айының соңына дейін бір шешім қабылданады, – деді вице-министр Досбол Бекмағамбетов.
Киік санын реттеу – жаңадан ойлап табылған тәсіл емес. Кеңес одағы кезінде де киіктің белгілі бір мөлшерін атып, арзан етті халық мақсатына пайдаланған болатын. Бүгінде жергілікті билік те сол өткенді ойға түсіріп, дайындық мәселесін пысықтап жатыр. Мәселен, биологиялық негіздемеге сәйкес рұқсат етілген лимит шегінде киік саны реттелер болса, Батыс Қазақстан облысында 3 ет өңдеу кәсіпорны жұмысқа кірісуге дайын отыр.
– Киік союды қуаттылығы ауысымына 100 бас ірі қара және 500 бас ұсақ малға арналған «Жаңақала мал сою комбинаты» («Ізденіс» ЖШС), 50 бас ірі қара және 300 бас ұсақ мал союға арналған «Батыс-Нық» ЖШС және 250 бас ірі қара мен 1000 бас ұсақ мал союға мүмкіндігі бар «Күбілей» ЖШС жүзеге асыруға дайын, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызғали Қарағойшин.
Айта кетейік, «Жаңақала мал сою комбинаты» Жаңақала ауданында орналасқан. Комбинат бір ауысымда 100 бас ірі қара және 500 бас ұсақ мал соя алады. Бұдан бөлек, Ақжайық ауданында орналасқан «Батыс-Нық» ЖШС ет сою пункті әр аусымда 50 бас ірі қара мен 300 бас киік соя алады. Мұнда да 400 тонналық тоңазытқыш камера дайын. Ал атақты «Күбілей» ЖШС Орал қаласында орналасқан. Ет өңдеу кешенінің жалпы қуаттылығы жылына 20 мың тонна етке есептелген. Сою және ет өңдеу цехтары толығымен автоматтандырылған, жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған.
Мемлекет және ауыл шаруашылығы
– Мемлекет басшысы Жолдауда «Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу – Қазақстанның стратегиялық мақсаты» деп атап өтті. Сонымен қатар алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу бойынша нақты міндет қойды. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімін біз шикізат күйінде емес, өңделген дайын тауар күйіне жеткізіп, шетке, экспортқа да шығаруымыз керек. Сонда қосымша табыс пен пайда көбірек болады, – дейді Ә.Бектаев.
Сенаторлар тобы облыстың аграрлық құрылымдарын аралап, мамандармен кездескенде аса көңіл аударған тағы бір мәселе – ауыл шаруашылығын суландыру жайы. Үшінші мәселе – аграрлық ғылымды дамыту. Төртінші тақырып – аграрлық саланы қаржыландыруды реттеу мәселесі.
– Бұл мәселелер өте келелі жұмысты атқаруды талап етеді. Шынын айту керек, биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін ауырлау болып тұр. Су тапшылығы, құрғақшылық, мал азығының жетіспеушілігі бар, климаттық жағдайға байланысты егіс көлемі мен өнім де төмендеп кетті. Міне, осының бәрі шаруаларға оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан осындай кезде мемлекеттік қолдау, мемлекеттік қаржыны, субсидияны уақытында бөлу, шаруалардың алған несиелерінің қайтару мерзімін ұзарту секілді көптеген ұсыныс айтылып жатыр. Мақсатымыз – осы жайттарды шаруалармен ақылдасу. Сондай-ақ бүгін Батыс Қазақстан облысындағы киік мәселесін де кеңінен талқыладық. Осы айтылған мәселелердің бәрін топтастырып, аграрлық комитет тарапынан үкіметке тиянақты ұсыныс жолдаймыз. Болашақта оның орындалуына да атсалысуымыз керек. Мүмкін кей мәселеде заңнамалық нормативтік құжаттар қабылдау керек шығар, кей мәселеде заңнамалық тұрғыдан тереңірек қамтамасыз ету керек болар. Бірақ ескеретін бір мәселе, соңғы кезде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көзқарас түбегейлі өзгеріп келе жатыр, – деді Әли Бектаев журналистерге көшпелі отырысты қорытындылап тұрып.
Батыс Қазақстан облысы