• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 18 Қыркүйек, 2023

Еңбек пен руханият ұштасып...

184 рет
көрсетілді

«Kieli tabigat» экологиялық акциясы Шымкент қаласында да барлық өңірдегідей бірдей уақытта ұйымдастырылды. Ішкі саясат басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен шаһардағы тарихи нысандарда экологиялық сенбілік өтті.

Жоғары және арнаулы оқу орын­дарының студенттері Сайрам тұрғын ала­бында орналасқан Сайрам қалашығы (Исфиджаб), Абдель-Азиз баб, Ибрагим-ата, Қожа Салих, Мірәлі баб, Қарашаш ана кесенелері мен Қызыр мұнарасы секілді әулиелі жерлердің маңын тазалады. Жастар киелі орындардың айналасындағы қураған шөптерді жұлып, шашылып жатқан қоқыстарды қаптарға салып, жан-жағын тап-тұйнақтай етті.

Ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс жүргізу және отбасылық құн­дылықты насихаттау бөлімінің басшысы Қадырхан Арысбековтің айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тарихи, сокралды орындарды тазалап, күтіп ұстау болса, екінші жағынан оларды халық арасында насихаттау. Сонымен бірге басқарма өкілі тазалық акциясы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тұжырымдамалық жоспарының негізінде қолға алынғанын жеткізді. Сондай-ақ сала маманы экологиялық акцияға 300-ге жуық азаматтың атсалысқанын атап өтті. Олардың ішінде студенттермен бірге ассамблея ұйымының белсенді жастары, блогерлер «Жасыл ел» мекемесінің жас қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері де бар. Жауапты өкіл акция республика бойынша тұңғыш рет өткізіліп отырған іс-шара екенін мәлімдеп, тазалық сенбілігі алдағы уақытта дәстүрлі акцияға айналатынын айтты.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеевтің баяндауынша, іс-шараға эковолонтерлер мен мәдениет саласының майталмандары да үлес қосты. Акцияның Сайрам қалашығынан бастау алуы да бекер емес. Өйткені мұнда атадан балаға мирас болып келе жатқан көптеген тарихи, мәдени ескерткіштер орналасқан. Іс-шараның тағы бір мақсаты – тазалық акциясы кезінде жастарға киелі орындарды таныстырып, олардың қадір-қасиетін ұғындыру. Әрі жастарды ұлттық жәді­герлерге жанашырлықпен, құрметпен қарауға тәрбиелеу. Сонымен қатар тарихы тереңде жатқан киелі орындарды қалпына келтіріп, тазалау арқылы да әулиелі мекенге зиярат етіп келуші туристер қатарының артуына ықпал етері сөзсіз. Негізгі міндет – ғасырлар қойнауынан сыр шерткен киелі нысандарды баяғы қалпында сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аман-есен жеткізу. Олардың тарихи келбетін бұрынғы бейнесінде қалдыру үшін де тазалық акциялары керек. Сол арқылы жас ұрпақтың қасиетті мекендер туралы түсінік пайымы да арта түседі. Тазалық іс-шарасы барысында қала мәдениетіне жауапты сала басшысы жергілікті әкімдіктің киелі орындарды нағыз туристік нысанға айналдырудың жоба-жоспары жасалғанын баяндады.

«Киелі орындар тұнып тұрған тарих. Ғасырдан ғасырға жеткен бұл қасиетті нысандарды көздің қарашығындай сақтау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Бүгінгі акция халыққа осы түсінікті ұғындыратын жақсы бастама болғандығы сөзсіз» деді Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Анар Жаппарқұлова.

Осы күні шаһарда киелі орындардан бөлек, барша аумақта жалпықалалық сенбілік өтті. Соның аясында әрбір мекеме ұжымы өздеріне бекітіліп берілген аумақты тазалап, қоқыстардан тазартты. Қыздар сыпырғысын, жігіттер кетпен-күрегін арқалап, сүйікті қаласының сұлу да таза болуына білек сыбана еңбек етті.

 

ШЫМКЕНТ