Бұл күндері күрес түрлерінен Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші жарыс күні еркін күрес шеберлері алғашқы жүлделерді сарапқа салды. Біздің балуандар арасынан Азамат Дәулетбеков қола медаль үшін таласса, Өсімжан Дастанбек жұбаныш белдесулерде бақ сынады.
86 кило салмақтағы Азамат Дәулетбековтің литвалық Домантас Павлюченко, ресейлік Арслан Багаев және Рақым Магамадовты ойсырата ұтып, жартылай финалда АҚШ-тың атақты балуаны, Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы Дэвид Тэйлорға жол бергені жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз. Үшінші орын үшін бәсекеде қандасымыздың жолы Бахрейннің туы астында өнер көрсетіп жүрген дағыстандық Магомед Шәріповпен қиысты. Бұл белдесуде ұтылып жатқан Азамат қарсыласын жығып алды да, артына шығып, соңғы секундта жеңісті Магомедтің уысынан жұлып әкетті. Есеп – 4:3. Осылайша, Дәулетбеков әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Былтыр дәл осы Белградта ол үшінші орынға табан тіреген еді. Сонымен қатар Азамат Париж Олимпиадасының лицензиясына да иелік етті.
Ал 61 кило салмақтағы Өсімжан Дастанбек жұбаныш бәсекесінде жеңіліс тапты. Оның алдында Санжар Досжанов (70 кило) пен Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) тұсаукесер кездесулерінде тізе бүккен болатын. Жоғарыда көрсетілген салмақ дәрежелерінде мына балуандар жеңіс тұғырына көтерілді:
61 кило: 1. Виталий Оруджев (АҚШ), 2. Абасгаджи Магомедов (Ресей), 3. Тайырбек Жұмашбек (Қырғызстан) пен Шота Партенадзе (Грузия).70 кило:
Әмир Яздани (Иран), 2. Зейн Резерфорд (АҚШ), 3. Рамазан Рамазанов (Болгария) пен Арман Андреасян (Армения). 86 кило: 1. Дэвид Тейлор (АҚШ), 2. Хасан Яздани (Иран), 3. Майлс Амине (Сан-Марино) мен Азамат Дәулетбеков (Қазақстан). +125 кило: 1. Әмір Заре (Иран), 2. Гено Петриашвили (Грузия). 3. Таха Акгюл (Түркия) мен Мэйсон Пэррис (АҚШ).Жарыстың екінші күні тағы төрт салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтіп, жүлделі орындар үшін таласатын апайтөстер анықталды. 57 кило салмақтағы Мейрамбек Қартбай Пуэрто-Риконың өкілі Дариан Тои Круз (+5:5) бен Мысырдың мықтысы Гамаль Мохамедті (10:0) сүріндірді. Ширек финалда ол Еуропа чемпионы (U-23), германиялық Никлас Штехелені (4:1) шаң қаптырды. Бірақ жартылай финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, жапониялық Рей Хигучиге (0:11) жарытып қарсылық көрсете алмады.
70 килолық Нұрқожа Қайпанов эстониялық Эрик Рейнбокты (10:0) ойсырата ұтқанымен, келесі кезеңде Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, америкалық Кайл Дейкке (4:9) әлі жетпеді. 79 кило салмақтағы Болат Сақаев канадалық Джасмит Пхулка (12:1) мен болгариялық Михаил Георгиевті (7:1) еш қиналмай еңсергенімен, ширек финалда әлем біріншілігінің (U-23) жеңімпазы, грузиялық Владимир Гамкрелидзенің (1:8) осал тұсын таба алмады.
92 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ризабек Айтмұханға айрықша риза болдық. Бастапқы бәсекелерде ол мажарстандық Балхаш Юхас (13:3) пен Түркияның аса дарынды балуаны, Еуропаның екі дүркін чемпионы Фейзолла Ақтюрктің (11:0) тас-талқанын шығарды. Жартылай финалда былтырғы жылғы әлем және құрлық чемпионаттарының қола жүлдегері, грузиялық Мириан Майсурадзені 8:1 есебімен атойлап жеңді. Сөйтіп, Ризабек Айтмұхан финалға шықса, Мейрамбек Қартбай қола медаль үшін таласады. Ал Нұрқожа Қайпанов пен Болат Сақаев жұбаныш белдесулерде бақ сынайды.
Ал бұл салмақ дәрежелеріндегі финалдық сайыстар мына еркін күрес шеберлері арасында өтеді: 57 кило: Рей Хигучи (Жапония) – Стеван Мичич (Сербия), 74 кило: Заурбек Сидаков (Ресей) – Кайл Дейк (АҚШ), 79 кило: Ахмед Усманов (Ресей) – Владимир Гамкрелидзе (Грузия) және 92 кило. Ал Ризабек Айтмұхан (Қазақстан) мен Осман Нурмагомедов (Әзербайжан) арасындағы финалдық белдесудің жеңімпазы – қазақ балуаны. Ол хабар бөлек беріліп отыр.