• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Жәдігер 18 Қыркүйек, 2023

Таскешуден табылған жәдігерлер

453 рет
көрсетілді

Қазақтың кең жазиралы даласында қадам жері құнды жәдігерді, сүйем жері құпияға толы жұмбақ сырды жасырып жатқан археологиялық ескерткіштер аз емес. Атырау облысындағы әлі толық зерттелмеген тарихи мекеннің бірі – Таскешу керуен сарайы.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Мұхам­бетқали Кипиевтің айтуынша, керуен сарайдың орны алғаш рет 1950 жылы зерттелген. Алғашқы зерттеуді этнограф Сергей Толстов бастаған. Одан соң ұлт­тық археология мектебінің негі­зін қалаған әйгілі археолог Әлкей Мар­ғұланның жетекшілігіндегі экспедиция зерттеу жұмысын жалғастырған.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Таскешу керуен сарайының орнына археологиялық қазба жүргізу қайта жанданыпты. Мәселен, облыстық тарих және археология орталығы 2008-2010 жылдар аралығында үш кезең­дік зерттеу жүргізген. Облыстық тарихи-өлкетану музейі 2012-2013 жыл­дары археологиялық зерттеуді қолға алған екен. Арада сегіз жыл өткеннен соң 2021 жылы қазба жұмыстары қайта жалғасын тапқан. Биыл 29 мамырдан 17 шілдеге дейін далалық археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

«Археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде Таскешу керуен сарайының қақпа бөлігі, 14 бөлме, 3 суфа мұнарасы, тандыр ошақтың пештері толықтай ашылды. Жалпы көлемі 800 шаршы метр аумақтан топырақ алынды. Бұл тарихи кешен Алтын Орда дәуірінде Сарайшық қалашығынан шығып, Орталық Азияға бағыт алған сауда керуендеріне қызмет көрсеткен. Қазба кезінде керуен сарайдың аумағынан 4 күміс, 26 қола монета шықты. Тоқтамыс хан мен Өзбек хан дәуіріндегі керамикалық ыдыстардың фрагменттері, моншақ және шығыр бөліктері, әртүрлі із сақ­талған стандартты кірпіш тастар анық­талды. «Таскешу» керуен сарайынан солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде Алтын Орда кезеңіндегі мекенжайлар, тұр­ғын үйлердің орны, Алтын Орда хандарына тиесілі 5 күміс теңге, қола тиындар табылды», дейді облыстық мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының бөлім басшысы Мира Дәу­летбаева.

Оның айтуына қарағанда, орта­ғасырлық Сарайшық қалашығында 700 шаршы метр аумақта археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы РМҚК-ға тапсырылған. Жұ­мыстың орындалу мерзімі – шартқа қол қойған күннен бастап 60 күн. Сон­дай-ақ Қызылқоға ауданындағы Қа­рақұдық-1, Қарақұдық-2 қорған­да­рында «Нұрсат» жеке кәсіпкерлігі қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді Қарабау-2 қорғанына археологиялық зерттеу жүргізу үшін конкурс жариялау жоспарланып отыр.

 

Атырау облысы