Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аутизммен ауыратын науқастардың эмоционалды интеллектісін дамытуға арналған «Drive Beyond» қосымшасын жасады. Жоба «Samsung Solve for Tomorrow» байқауының республикалық кезеңінде үшінші орын алған.
Қосымша қазірдің өзінде білім беру орталықтарында қолданылып келеді. Әсіресе 5-13 жас аралығындағы балалар арасында оң нәтиже көрсетіп отыр. Зияткерлердің өнертабысы аутизм спектрі бұзылған адамдардың эмоцияларын білдіруі мен шығаруына септігін тигізеді. Бағасы 10 мың теңге тұратын қосымша науқастың эмоциясын жасанды интеллект көмегімен көрсетуіне мүмкіндік береді. Команда мүшесі Әлихан Серғалиевтің айтуынша, қосымша жастар арасында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын көрсетеді. «Біз әр адам осы технологияға қол жеткізуге және эмоционалды дағдыларын дамытуға лайық деп санаймыз», дейді ол.
Ал команда тәлімгері әрі физика пәнінің оқытушысы Дэниел Комбер-Тодд мектеп оқушыларының жұмысы таңғаларлық дүние екенін жеткізді.
Команда алдағы уақытта қосымшаны одан әрі дамытуға күш салмақ. Әсіресе емдеу орталықтары үшін диагностикалық мүмкіндіктерді қосуды және оны басқа да білім беру мекемелерінде кеңінен пайдалануды жоспарлап отыр.