Жауапсыздық па, салғырттық па кім білсін, әйтеуір Шығыс Қазақстанда жаңадан салынған сапасыз тұрғын үй көп. Өткен айда Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіне жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермек Көшербаевқа жарқырап тұрған 40 пәтерлі үйді емес, жертөлесі лай суға толып кеткен Нұржау көшесіндегі жап-жаңа қос үйді көрсету керек еді.
Ұлан ауданының орталығы Қ.Қайсенов кенті, Нұржау көшесі, 16/3 тұрғын үйінің жертөлесі суға толып тұрғалы қай заман?! Тұрғындар мәселе шешілетін шығар деген үмітпен осы уақытқа дейін үнсіз келген. Қыс болса, қыр астында. Іргетасы дым тартқан үйде жас та, кәрі де тұрады. Кембағал жандар да жоқ емес. Кәріздің толып, жертөлеге төгіліп жатқанын үй иелері әкімдікке бір емес, бірнеше рет айтқан, арызданған. Аудан басшылығы ақауды қалпына келтіру үшін қаражат та бөлген көрінеді. Қаржы бөлінгенімен, жүргізіліп жатқан жұмыс жоқ.
Жуықта шыр-пыр болған тұрғындармен тілдесіп, үйдің жағдайын көзбен көріп қайттық. Айтса, айтқандай-ақ, 30 пәтерлі тұрғын үйдің жертөлесіндегі көлкіп тұрған судың тереңдігі 15 сантиметрдей. Электр желісі жинақталған қорапшаға сәл-ақ жетпей тұр. Былтыр оған дейін де жетіп, тұрғындар үш күн бойы жарықсыз отырған күндері де болыпты. Соның өзінде түсіністік танытып, үндемеген. Жарық сөнгенмен, үміт сөнбеген. Сөйтсе, бекер екен. Су толы жертөлеге бас сұққан басшы болмапты.
– Бұл үйді бес жыл бұрын ипотекаға алдық. Үйдің сапасы туралы айтпай-ақ қойдық. Ең үлкен мәселе – жертөле. Кәріздің кесірінен жертөле суға толады. Қолымызда хаттама бар, ақша бөлінді деп тұр. Алайда ол ақша қайда кетті, білмейміз. Іргетастың дымданып кеткенінен бе, еденіміз жарылып жатыр. Линолеум суланып тұрады. Бала-шаға қыстай жөтеледі, – дейді көпқабатты үйдің тұрғыны Альмира Ерсалина.
Тұрғындардың сөзін пәтер иелері кооперативінің өкілдері де растап отыр. Растамаған күннің өзінде үйдің проблемасы қарусыз көзге тайға таңба басқандай көрініп тұр.
– Лас судың жертөлені басып жатқаны шындық. Оны құзырлы органдар біліп отыр. Бірнеше рет сорып алу жұмыстарын жүргізген. Бірақ әлі де су басу тоқтаған жоқ. Оның себебі, шыға берістегі орталық құбырды топырақ басып қалған. Соның себебінен құбырларда шығарынды су кептеліп, жертөлені басып жатыр. Жалпы, кентте бұл ғана емес, жылу, су жүйесінде де мәселе көп. Әрбір үшінші құдыққа жөндеу жүргізу керек. Бұл мәселені жылда айтамыз, – дейді «Жемчужина» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Еркін Мұратұлы.
Сөзіміз толық дәлелді болсын деп, бірінші қабаттағы пәтерлердің біріне кіріп те көрдік. Еденнің қопсып, қопарылып жатқанына көз әбден жетті. Пәтер иесі Сара Мусина еденнің линолеумін ашып тұрып көрсетті. Айтқандай, ылғалды сіңірген еден жабыны қағаздай жыртылады. Сапасы сан соқтырарын білсек, бұл үй үшін белшеден қарызға батпас едік дейді тұрғындар. Иә, 10-15 жыл ай сайын жүз мыңдап несие төлеу қай-қайсысы үшін де оңай емес.
Отыз пәтерлі тұрғын үй иелерінің жанайқайын алға тартып, Ұлан ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудан басшысы еңбек демалысында десті қоластындағылар. Ал әкімдік қызметкерлері 2022 жылы Нұржау көшесіндегі кәріз желілерінің апаттық учаскесіне ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Демек, жөндеу жұмыстары жоспардағыдай жүзеге аспаған. Әйтеуір, жауапты мердігер компания «Памир ОМ» ЖШС-не ескертулерді жою жөнінде ескерту хат жолдапты. Егер кәріз жүйесі қалпына келтірілмеген жағдайда мәселе сотта шешілетінін де айтқан.
P.S: Іргесін су кеміріп жатқан үйдің мәселесімен етене танысып, жазуға кірісе бергенімізде, тұрғындар хабарласып, «Egemen Qazaqstan» редакциясына ризашылықтарын білдірді. Айтуларына қарағанда, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қабылдап, кәрізді қалпына келтіруге күш салатынын айтыпты. Көп уақыт өтпей жөндеу жұмыстары басталып кеткен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы