• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2023

Атом энергетикасы және ел болашағы

563 рет
көрсетілді

Жуырда Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта «Семей сынақ полигоны: мұрасы және ғылыми-техникалық әлеуетінің даму келешегі» атты X халықаралық конференция өтті. Айтулы жиынға әлемдік деңгейдегі танымал ғалымдар ша­қырылып, олар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және оның қауіпсіздігі жайындағы ойларын ортаға салды. Жа­пония, АҚШ, Франция, Қытай, Мажарстан, Ресей, Қазақстан ға­лымдарының басын қосқан іс-шараны Ұлттық ядролық орта­лы­ғының бас директоры Эрлан Батырбеков жүргізіп отырды.

Халықаралық конференцияда сөз алған ғалымдар негізінен атом энергетикасының қауіпсіздігі және термоядролық энергетиканы дамыту тақырыбын кеңінен тал­қылады. Сонымен қатар Ұлт­тық ядролық орталығының эксперименттік базасында, ИГР (импульсті графиттік реактор) мен «Байкал-1» ЗРК реакторлық кешендерінде, тағы да басқа қон­дыр­ғыларда жүргізілген кешен­ді зерттеулердің нәтижелері таныс­тырылды.

Үш күнге ұласқан маңызы айрықша конференцияда атом энер­гетикасын дамыту, басқары­ла­тын термоядролық синтез технологиялары, сутегі энергетикасы, радиациялық экология және медицина саласындағы өзек­ті мәселелер бойынша 150-ге жуық баяндама жасалды. Мұның өзі өткізілген іс-шараның деңгейі қаншалықты екендігін аңғартса керек. Бұдан өзге ядролық қаруды таратпау режімін нығайту және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартын (ЯСЖТШ) қол­дау жұмыстарының нәти­желері де қаралды.

– Біз 20 жылдан бері қазақ елі ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргізіп келеміз. Солардың бір тақырыбы – халыққа ауыр зардабын тигізген үлкен апаттарды зерттеу. Бұл жұмыстың нәтижесі Жапонияның энергетикалық ке­ле­шегіне де зор әсерін ти­гізуі әбден мүмкін. Мұндағы ұлттық ядролық орталықтағы ға­лымдармен ынтымақтастық бізге тың мәліметтерді алуға мүм­кіндік беріп отыр, дейді Жапо­ния атом энергиясы агенттігі дирек­торының орынбасары Кенжи Камияма.

Ғалымдардың болжамына сүйенсек, алдағы 10 жылдан кейін Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы байқала бастайды. Кеңес дәуірінде салынған жылу электр стансалары ескір­генін ескерсек, мәселенің күр­делі сипат ала бастағанын әлден аң­ғар­тып отыр. Сондықтан да бұл тығырықтан шығудың нақты жолы атом стансасын салу қажеттігіне тіреледі. Ең бастысы – атом энергетикасының қауіп­сіз­дігін сақтауға баса мән беру.

ҚР ҰЯО орталығының бас директоры Э. Батырбековтің айтуынша, халықтың көкейінде атом энергетикасын дамытуға деген үміттен гөрі күдік басым болғандықтан, оны сейілту үшін атомды бейбіт мақсатта пай­даланудың маңызы қандай екендігіне көз жеткізетін ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Бұл ха­лық­аралық конференция – соның бір айғағы.

– Жапония атом агенттігінің өкілі өздерінде атом энергетикасын қалай дамыту керектігі туралы пікі­рімен бөлісті. Ол бізге де тиісті мәселе еді. Жердегі көміріміз де бір уақытта бітеді. Мұнай мен газдың мөлшері қаншаға баратыны белгілі. Сондықтан энергетика тапшылығына жол бермеу үшін, яғни оның алдын алуды қазірден ойлана беруіміз керек, – дейді ҚР ҰЯО Атом энергиясы институты директорының материалтануды зерттеулер жөніндегі орынбасары Ерболат Тайтөлеуұлы.

Конференция соңында ға­лымдар Қазақстан Респуб­ли­касы Ұлттық ядролық орта­лы­ғының нысандары саналатын бұрынғы Семей сынақ по­ли­гонының аумағында, реак­торлық кешендер мен зертхана­ларда болып, маңызды саланың жұ­мыс­тарымен танысып, әріптес­тік ынтымақтастықты бұдан да бетер нығайта беруге уағдаласып қайт­ты.

 

Абай облысы