Президент Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі өте алаңдатарлық жағдай екенін айтты. Бұл ретте ядролық қарудан бас тартудан бастап халықаралық қылмыстық сот төрелігіне дейінгі құжаттар туралы сөз етуге болады. Бұл дамушы державалар үшін ғана емес, батыс әлемінің көшбасшылары үшін де алаңдатарлық жағдай.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасалмай, қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді. Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенетінін айтты.
Вето құқығына ие АҚШ, Ресей Федерациясы, ҚХР, Ұлыбритания, Франция елдері өздерінің және одақтастарының мүдделеріне сай Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына жиі тоқтам салады.
Реформа Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің санын арттыруға, вето құқығының жойылуына немесе оны еңсеру мүмкіндігін еселеуге мүмкіндік береді.
Ғазиз ӘБІШЕВ,
саясаттанушы