• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 20 Қыркүйек, 2023

Оңтүстік Кореяда көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр – депутат

327 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Кореядағы отандық еңбек мигранттары туралы Премьер–министрге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша бұл сауал өзге елде заңсыз мигрант атанып, құқығы қорғалмастан қауіп қайдан келеді деп жәутеңдеп отырған 20 мыңнан астам қазақ баласының арызы іспетті. Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар, делінген мақалдағыдай жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппаған қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеп жүргені мәлім.

Ресми дерек бойынша 2022 жылы еліміздің 9 600 азаматы Оңтүстік Кореяда еңбек мигранты болып жұмыс істеген. Ал отандастырымыздың басын біріктіретін орталықтардың дерегінше қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңнан астам отандасымыз жүр.

«Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Мысалы, 57 жастағы отандасымыз Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып, көз жұмған кезде, оның денесін әкелу үшін бала–шағасы жұрттан жылу жинап кеткені есімізде. Одан бөлек сол елдегі өндіріс орындарында қолынан айырылған, басқа да жарақаттар алған отандастарымыздың арыздары айтылып жатыр. Себебі оларға ешкім ешқандай өтемақы төлемейді, қажет десе, жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың пайымынша, отандастарымыздың құқығының қорғалмау себебі екіжақты келісімшарт негізінде берілетін «Е 9» уақытша еңбек визасының болмауы. Мемлекет басшысы 2020 жылы қазан айында бірқатар елде отандастарымыз жасырынып заңсыз жұмыс істеп жатқандығын, «мұндай жағдайда өзге елде тіркелу қиындықтары мен түрлі тұрмыстық қиындықтарға тап болады», деп Үкіметке мәселені шешуді шегелеп тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.

Кореямен 16 ел еңбек рұқсаттары жүйесі атты шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылған, аталған жүйеге Қазақстан әлі қосыла алмай келеді.

Нартай Аралбайұлының сөзінше Оңтүстік Корея Үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауларын ескере отырып, еңбекке рұрсат беру жүйесіне Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екендіктерін жеткізген. Қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге де дайын. Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды еңбекке рұқсат беру жүйесіне енгізуге қатысты қойылатын нақты шарттар да көрсетілген.

«Бірақ елімізде жауапты орындардың мәселені шешуге құлқы көрінбейді. Аталған мәселені реттейді деген үмітпен арнайы көші–қон комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың осы бағыттағы нәтижелі жұмысын көрмедік. Бүгінге дейін екі ел арасында жеті келіссөз жүргізілген. Әлі нәтиже жоқ. Ал, Оңтүстік Кореяда көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр», деді депутат.

Депутат сауалы нақты екі сұрақпен және екі ұсыныспен түйінделген.

«Сұрақтар: Қазақстан қашан еңбекке рұқсат беру жүйесіне енеді? Отандастарымыз Оңтүстік Кореяда қашан заңды түрде еңбек ете алады? Ұсыныстар: 1) Қазақстанды еңбекке рұрсат беру жүйесіне қосу үшін тиісті іс–шаралар жоспарын жедел пысықтауды тапсырамыз. 2) Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек мигранты болып жүрген 20 мыңға жуық отандастырымыздың құқығын қорғайтын заңды тетікті неғұрлым тез табу қажет. Аталған депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз», деді «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев.