Қазақстан балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды ұстана отырып, бұл бағыттағы ішкі қолдау тетіктерін жетілдірумен қатар, халықаралық деңгейдегі беделін де нығайтып келеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және әл-ауқатын арттыру Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі саналады, деп хабарлайды Egemen.kz
Халықаралық MICS-2024 зерттеуінің мәліметі бойынша еліміздегі балаларға қатысты физикалық жазалау мен психологиялық қысым көрсету деңгейінің айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Атап айтқанда, бұл көрсеткіш 53 пайыздан 38 пайызға дейін азайған. Бұл – Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы балалардың 96 пайызы өзін психологиялық тұрғыдан жайлы әрі қауіпсіз сезінеді. Бұл балалардың эмоционалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Қазақстанның балалар құқықтарын қорғау саласындағы реформалары халықаралық қауымдастық тарапынан да оң бағаланып отыр. 2025 жылдың қаңтар және маусым айларында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер еліміздің адам құқықтарын қорғау, оның ішінде балалардың құқықтарын қамтамасыз ету бағытында жүргізіп жатқан реформаларына жоғары баға берді.
Осыған байланысты биыл Қазақстан Женева қаласында БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын іске асыру жөніндегі Біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамасын таныстырады.
Жалпы, бұл үрдістер балалардың құқықтарын қорғау мәселесі еліміз үшін тек ішкі әлеуметтік саясаттың бағыты ғана емес, сонымен бірге халықаралық беделді қалыптастыратын маңызды факторлардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені қазіргі таңда мемлекеттердің даму деңгейі мен реформалардың тиімділігі көбіне баланың өсіп-жетілетін ортасының сапасы арқылы бағаланады.