• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2023

Қабдеш Жұмаділов турнирі

241 рет
көрсетілді

Өскеменде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған мемлекеттік қызмет, еңбек және спорт ардагерлері ара­сын­дағы ХХХ халықаралық бильярд турнирі мәресіне жетті.

Бұл дүбірлі жарыс өт­кен жылы да өтіп, оны ұйым­дас­тырушы, спорт жанашыры, Қазақстан бильярд федерация­сы Шы­ғыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лының директоры Серік Ақтанов келешекте Қабдеш атындағы турнирдің ауқымын кеңейтіп, халықаралық дә­ре­жеде өткізуге уәде берген еді.

Серік мырза уәдесінде тұр­ды. Бұл жолғы бильярд додасына Қыр­ғызстаннан, Ре­сейден, Қазақ­стан­ның 8 об­лысы мен Астана, Алма­ты қалаларынан 50-63 жас­тағылар арасында – 14, ал 63 жастан жоғарылар арасында – 9, барлығы – 23 команда қатысып, жарыс көрігін қыз­дырды. Турнирді өткізуге Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт бас­қармасы, Түркі әлемінің жазушылар одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан бильярд спорты федерация­сы, Әлем қырандары және Шығыс бильярдшылар лигасы мен Қабдеш Жұмаділов атындағы қоғамдық қор белсене араласты. Турнирге Қабдеш ағаның ұлы Арман Қабдешұлы, Өс­кемен қаласының әкімі Жақ­сылық Омар, Қабдеш ағаның жақын досы, інісі, академик Ұлықпан Сыдықов, жазушымен жақсы қарым-қатынаста болған зайсандық белгілі қаламгер Қалибек Алтыбаев, Ұлық­бек Есдәулет, Сәдібек Тү­гел, Ғалым Қалибекұлы, бас­қа да зиялы азаматтар қатысты.

50-63 жасқа дейінгілер арасындағы командалық жарыста құрамында Нұр­жан Жи­ен­баев, (капитан), Ринат Алимов, Владислав Ли, Мұ­қан Бай­мұратов, Адалбек Шы­қылаев, Бейсен Байғалиев сияқты шебер ойыншылар бар «Асау Ертіс-1» командасының екпініне ешкім шақ келмеді. Олар бірінші орынды талассыз жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды Ал­матының НАП, Қарағандының «Сары­арқа» командасы иеленді. 63 жастан жоғары жастағылар арасындағы жарыс та тартыс­ты өтті. Нәтижесінде, Ал­ма­ты­дан келген «Бір­лік» коман­дасының шеберлері жеңімпаз атанды. Астананың «Ауыл ұландары», Қарағандының «Са­рыарқа» командалары екін­ші және үшінші орындарды бөлісті.

Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған турнирдің тәр­биелік мәні зор болса керек. Бүгіндері Өске­мен қаласында бильярд спортына елік­теген балалар секцияларға жаппай жазылып жатыр. Он мыңнан астам адам бильярд спорты десе ішкен асын жерге қояды. Соңғы жылдары ғана Серік Ақтановтың мұ­рындық болуымен Азия бірін­шілігі, басқа да бірнеше халық­ара­лық жарыс өтті. Ал­дағы уа­қытта да бильярд спор­ты­ның көкжиегі кеңи бер­мек. Турнирдің өтуіне ұйым­дас­­тыру комитетінің төр­ағасы Ұлықпан Сыдықов, Тү­­сіп­хан Түсіпбеков сияқты спорт жанашырлары көп үлес қос­ты. Жасы сексенге тая­ған Астанадан келген қа­рия Ма­рат Досқожановқа «Ар­дагер» деген сыйлық тарту етілді.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері