Жезқазғанның іргесіндегі Қабанбай батыр ауылы негізінен геологтер мекені саналады. Ауылдың бұрынғы атауы «Геология экспедициясы», деп аталатын. Геологиялық барлау компаниясы осы ауылдың орталығынан жалпы құны 7 млрд теңге құрайтын геология кластерінің құрылысын бастады. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы болашақ іргелі құрылыстың жобасымен арнайы барып танысты.
– Президент биылғы Жолдауында «Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек», деп атап көрсеткен еді. Жолдау талаптарын жүзеге асырудың алғашқы қадамдарының бірі іспетті еліміздегі тұңғыш геология кластері келесі жылдың алғашқы тоқсанында толық қуатында жұмыс істеп, 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, деді облыс басшысы.
Қазіргі кезде облыс аумағындағы 19 нүктеде барлау жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – минералды-шикізат қорын ұлғайту. Геология кластері аумағында оқу ғимараттары, қызметкерлерге арналған жатақхана, геофизика зертханасы және жер қыртысының сынамаларын сақтайтын қойма, геология мұражайы салынады. Өте тереңде орналасқан немесе құрамында түрлі элементтердің қоспалары бар кен шикізатын технологиялық жолмен бөліп алып шығатын ғылыми негіздеме қажет. Геология кластері осы бағыттағы ғылыми ізденістер мен нақты істерді Жезқазған өңірінде дамыту мақсатын көздейді.
Жоба жеке компанияның инвестициялық қаржысы арқылы жүзеге асырылады.
Ұлытау облысы