Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елімізде 173 шипажай-курортты мекеме жұмыс істейді. Қазақстанда кенжелеп қалған туризмнің бұл саласы кейінгі жылдары ішкі және шетелдік туристер арасында кең танымалдылыққа ие бола бастады.
Туризм және спорт министрлігі ұсынған мәліметке сай, еліміздегі қолайлы климаттық жағдай, күн сәулесі, бірегей минералды қайнар көздер мен емдік балшық орындары емдеу-сауықтыру нысандарының дамуына зор септігін тигізіп жатыр. Мысалы, оңтүстіктегі Сарыағаш шипажайы қабыну процесін емдеуге және адам ағзасының жалпы жағдайына оң әсер ететін, сондай-ақ ұзақмерзімді аурудан кейін иммунитетті қалпына келтіруге көмектесетін минералды қайнар көздерімен танымал. Айта кету керек, Сарыағаштың Көктерек кенті еліміздегі шипажайлар ең көп шоғырланған мекен саналады.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданындағы термалды радон қайнарлары емдік қасиеттері бойынша халықаралық сауықтыру орындарынан кем түспейді. Сондай-ақ бұл шипажай – эндокриндік ауруларды емдеуге көмектесетін таптырмас орындардың бірі. Аталған өңірдің табиғаты жазда да, қыста да бірдей. Сондықтан жергілікті шипажай туристерге курортты аймақтарға жылдың кез келген уақытында демалуға мүмкіндік береді.
Ал еліміздің батысында орналасқан шипажайлар буын, жүйке жүйесін, гинекологиялық және урологиялық патологияларды, сондай-ақ тері ауруларын емдеуге және алдын алуға бағытталған. Бурабай және Қостанайдағы қарағайлы ормандарының экологиялық таза ауасы, емдік балшығы, әдемі таулы ландшафт және бірегей табиғи көрікті жерлер денсаулығын жақсартқысы келетіндер үшін тағы бір сұранысқа ие шипажай-курортты аймаққа айналып келеді.
«Қазақстан сауықтыру туризімін дамыту үшін түрлі туристік-рекреациялы ресурстарға ие. Шипажай-курортты кешендердің көпшілігі жыл бойы жұмыс істейді. Бұл маусымнан тыс уақытта бағаны төмендетуге мүмкіндік береді. Сол арқылы демалыс пен емдеуді одан әрі қолжетімді етеді. Кейбір пансионаттар атпен серуендеу, тарихи және табиғи көрікті жерлерге экскурсиялар жүргізу, әртүрлі спорттық және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыру және т.б. бірқатар қосымша қызметті де ұсынады», деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.